Алматыда мүмкіндігі шектеулі жандар жәрдемақыны көтеруді талап етті
Олар баспанаға да қол жеткізе алмай қиналып жүргенін айтады
Алматыда мүмкіндігі шектеулі жандар жәрдемақыны көтеруді талап етті. Арнайы рұқсатын алып митингіге дайындалып шыққан барлық топтағы мүгедектер ай сайынғы жәрдемақы мөлшерін 41 пайызға көбейтуді сұрап отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК арнасына сілтеме жасап.
Жылдап үй кезегінде тұрған мүмкіндігі шектеулі жандар баспанаға қол жеткізу де қиындады деп мұңын шақты. Білім алу, жұмысқа орналасу сынды қордаланған мәселелерді жіпке тізген мүгедектердің базынасы көп. Мемлекет беретін жәрдемақымен қай жыртығын жамауға жеткізерін білмей жүрген Нұртай Насрединов әбден қажыған. Туғанынан арбаға таңылған азамат ақшамыз ас-суымыздан артылмайтын болды деп мұңын шақты.
«65 мың зейнетақы, сосын 20 мың, сонымен 85 мың болады. Дәрі де, тамақ та қымбат. Бір ауыз сөзбен айтқанда, жетпейді. Дәрігерлер отырады. Төрт-бес кабинетті жазады. Амал жоқ, кіресің. Әр кабинетің бес мың, сегіз мыңнан алады. Көшеде мүгедек көресіз бе? Көрмейсіз. Оның барлығы үйінде отыр. Өйткені жұмыс жоқ», - дейді бірінші топтағы мүгедек Нұртай Насрединов.
Нұртай сынды назын айту үшін мүмкіндігі шектеулі жандар плакат ұстап наразылықтарын білдірді. Тағдыр тәлкегіне мойымаған барлық топтағы мүгедектердің билікке айтар базынасы көп. Жәрдемақымыз мардымсыз деп шулаған шағымданушылар баспанаға да қол жеткізе алмай қиналып жүргенін айтады.
Елімізде еңбекке қабілетті мүгедектердің көбі жұмыссыз. Кәсіби білім беретін оқу орындарының аздығы да жарымжан жандардың жанына батқан. Наразы топ өзін күтіп-бағатын әлеуметтік қызметкерлердің мәселесіне де тоқталды. Шенеуніктер де митингіге шыққан мүгедектердің жанайқайы орынды деп отыр. Алайда жауапты департамент өкілдері жәрдемақы мөлшерін еселеп көбейту оңай шаруа емес дейді.
«Барлық мәселені бірден шешу мүмкін емес. Жұмыс кезең-кезеңімен атқарылады. Жоспар бар. Соған сәйкес мүгедектігі бар адамдардың өмірін жақсартуға барымызды саламыз. Жәрдемақы жыл сайын көтеріледі. Бірақ мемлекеттен берілетін қаражатты еселеп арттыру әзірге мүмкін емес. Мүгедектердің жұмыс істеп, емін-еркін қозғалуына жағдай жасалған», - деді Алматы қаласы еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон департаментінің басшысы Мұрат Мұратбеков.
Алматыда мүгедектердің жалпы саны 55 мыңнан асып жығылады. Бұл тізімде зағиптар мен арбаға таңылған жандар көп.