Алматы облысында көлігімен адам қағып, қашып кеткен жүргізуші ұсталды
Қажетті сот-медициналық сараптамалар тағайындалды
Алматы облысында көлігімен адам қағып, қашып кеткен жүргізуші ұсталды. Күдіктінің үстінен Қылмыстық Кодекстің екі бабы бойынша іс қозғалды. Бұл туралы Алматы облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Департамент мәліметінше, 20 ақпан күні Талдыбұлақ-Ақбұлақ жолында 33 жастағы адамды көлік қағып кеткен. Жәбірленуші ауруханаға жеткізілгенімен бірнеше күннен соң жансақтау бөлімінде көз жұмған. Полицейлер оқиға орнында көліктің қалдықтарын тауып, 28 жастағы күдіктіні анықтап, ұстады.
«Қазір ҚР ҚК 345 және 347-ші баптары бойынша іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр. Күдікті адамды қағып, оқиға орнынан қашып кеткенін мойындады. Көлік айып тұрағына қойылды. Қажетті сот-медициналық сараптамалар тағайындалды», - делінген аталған ведомство таратқан хабарламада.
Айта кетейік, көлік қағып мерт болған 33 жастағы ер адам Алматы қаласының тұрғыны.