«Отбасын да, қызметті де қатар алып жүрді»: ақхалатты жандар қызмет пен отбасылық өмірі жайлы айтты
Астанада 13 мыңға жуық нәзік жанды дәрігер бар

Қалалық денсаулық сақтау саласында 13 мыңға жуық нәзік жанды медицина қызметкері жұмыс істейді. Олардың шамамен 80%-ы отбасын да, қызметті де қатар алып жүруде үлгі бола алады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Айгүл Тілегенқызы елордалық №3 көпбейінді қалалық балалар ауруханасында медбике болып жұмыс істейді. Балалар стационарында қызмет етіп жүргеніне биыл 15 жыл болады. Тәжірибелі медбике үй жұмысы мен қызметін керемет үйлестіре білді.
«Тұңғыш ұлым дүниеге келгенде 19 жаста болатынмын. Артынша егіз қызым мен кенже ұлым дүниеге келді. Алғашқы жылдары бала қарауға күйеуім көмектесетін, кейінірек туыстарымызға қалдырып, екеуіміз де жұмысқа кететінбіз. Отбасы – ошақ қасы, дегенмен өз таңдауымды – сүйікті ісіммен айналысып, өзгелерге қамқорлық жасағым келді, бұл менің бала күнімнен бергі арманым еді. Үйде балаларым өзара өте тату, бір-біріне қарайласып тұрады. Мемлекет тарапынан қолдау ретінде 2020 жылы бізге үш бөлмелі пәтер берілді. Мен бәріне үлгергеніме қуанамын», - дейді өз ісінің маманы, көпбалалы ана Айгүл Тілегенқызы.
Аягөз Мауянова қалалық №2 көпсалалы балалар ауруханасында санитар болып қызмет етеді. Еңбек жолын 20 жыл бұрын осы ауруханада бастаған.
«Оқушы күнімде де медицинаға жақын болдым. Мектепте жүргенімде оқушылардың тазалығы мен гигиенасын қадағалайтын медбикелер болды. Осыдан барып денсаулық сақтау саласында жұмыс істеу туралы арман пайда болды. Дегенмен өмірдің заңдылығы ғой, мектепте медбике болу бақыты маған бұйырмады. Бірақ бүкіл өмірімді медбике жұмысына арнадым. Уақыт өте жылдам өтіп кетті. Осы уақыт аралығында үш баламды қалай тәрбиелеп, өсіргенімді байқамай қалдым», - дейді Аягөз.
Өмірін санитарлық мейірбикенің жұмысына арнаған ол қызметі мен бала тәрбиесін үйлестіре білгенін мақтанышпен атап өтті.
«Балаларымның кішкентай кезінде жұмыстан шыға сала үй шаруасына үлгеру үшін үйіме қарай жүгіретінмін. Жүгіріп бара жатып үйдегі жұмысымның тізімін жасап бара жататынмын. Әрине, қиын күндер де болды. Ол да өмірдің бір заңдылығы ғой. Қазір бәріне қуанамын. Жұмысымда да, отбасымда да бәріне үлгеріппін. Мұны мақтан тұтамын!» - дейді ол.