Астанада волонтерлер коммуналдық қызметкерлерді 8 наурыз мерекесімен құттықтады
Бұл акция дәстүрлі түрде үшінші жыл өткізіліп келеді

Халықаралық әйелдер күні қарсаңында «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының еріктілері қаланың коммуналдық қызмет қатарында еңбек етіп жүрген әйелдерді құттықтап, гүл шоқтарын сыйлады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Елордалық еріктілер «Астана Тазалық» ЖШС-да жұмыс істейтін, қаламыздың дамуына үлкен үлес қосып жүрген нәзік жандыларға гүл шоқтарын табыстады.
Мереке қарсаңында гүл шоқтарын алған коммуналдық қызметкерлер еріктілерге көрсеткен қамқорлығы үшін алғыстарын білдірді.
«Бізді елеп, құттықтап, мерекелік көңіл-күй сыйлағандарға алғысымыз шексіз. Қыз-келіншектерді мерекемен құттықтаймын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!» - деді Салтанат Жылқыбаева.
Еріктілер көктемгі мерекеде нәзік жандыларға жақсы көңіл-күй сыйлап, алғыстарына бөленді.
«Біз бүгінгі мерекеде аналарымызды, қыздарымызды құттықтағанымызға қуаныштымыз. Біз әрқашан қолдауға, көмектесуге дайынбыз. Баршаңызға денсаулық, отбасыларыңызға амандық, бақыт пен қуаныш тілеймін!» - дейді еріктілердің бірі Ернұр Табынбай.
Айта кетейік, бұл акция дәстүрлі түрде үшінші жыл өткізіліп келеді.