Павлодарда әйел адам жоқ пәтерлерді жалға берген

Azattyq Rýhy

Оның бұрын жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы тексеріледі

Фото: pavlodarnews.kz

Ол пәтерді жалға алғысы келген клиенттермен WhatsApp мессенджерінде хат алмасқан, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz.

Павлодарлық жедел уәкілдер Қазақстан қалаларында ұзақ мерзімге пәтер жалдаумен айналысқан 27 жастағы қызды ұстаған.

«Ол OLX сайтында жарнама орналастырып, Крыша бөлімінде тұрғын үйді жалға алу үшін қолайлы баға ұсынған. Азаматтарды қызықтыру үшін интернеттен элиталық пәтерлердің фотосуреттерін пайдаланған. Жалға алғысы келгендер хабарландыруға қоңырау шалған кезде «риэлтор»  жұмысбасты екенін және басқа қалада іссапарда жүргені туралы ойдан құрастырған. Бұған қоса, клиенттердің көп екенін айтып, банк картасына алдын ала төлем жасауды сұраған. Пәтер алып үлгермей қаламын деп қорыққан клиенттер алдын ала төлемді белгіленген карта нөміріне жіберген. Сома 10-нан 60 мың теңгеге дейін өзгеріп отырған. Ол алдын ала төлем алғаннан кейін байланысқа шықпай қойған», - деді Павлодар облысы полиция департаментінің бастығы Василий Скляр.

Ертіс өңірінің полицейлері Қазақстан Республикасының аумағында интернет-алаяқтықтың 40 фактісін жасауға қатыстылығын анықтады. Алаяқтық фактісі бойынша ҚР ҚК 190-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Қазіргі уақытта іскер қыз қамауға алынды. Оның бұрын жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы тексеріледі.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.