$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

ҰЭМ теңгенің құнсыздануына байланысты қандай сценарийлер жасалып жатқанын айтты

Бір доллардың құны 800 теңгеге дейін жетуі мүмкін бе?!

ҰЭМ теңгенің құнсыздануына байланысты қандай сценарийлер жасалып жатқанын айтты
Фото ашық дереккөзден

Украина мен Ресей арасында болып жатқан әскери қақтығыстың салдарынан еліміздің экономикасын тұрақтандыру үшін Үкімет бірнеше сценарийді қарастырып отыр.  Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдеріне арналған брифинг кезінде айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Украинада болып жатқан жағдай тез тұрақталса, кері әсері аз болады. Бірақ ол жағдайды әлі де қадағалау керек. Үкімет Ұлттық банкпен бірге дағдарысқа қарсы тиісті кешенді жоспарды қабылдады. Сол жоспар қазір шұғыл түрде орындалып жатыр. Бірнеше сценарий бар. Оның ішінде негативтік, базалық және оптимистік сценарийлер қарастырылған. Қазір жағдай күрделі», - деді министр.

Брифинг кезінде ведомство басшысы жағдайға нақты баға беру үшін әлі де уақыт керектігін айтты. Министр мұндай стандартты практиканың кез келген түріне дайын екенін жеткізді.

«Әлеуметтік міндеттің бәрі жүзеге асырылады. Себебі үкіметте қаражат жағынан барлық мүмкіндік бар. Әр сценарий бойынша қабылданатын шаралар дайын. Онда түрлі параметрлер қарастырылған. Біздегі бюджеттегі базалық параметр мұнай бағасына негізделген. Қазір мұнайдың бағасы жоғары. Кей күндері 100 доллардың үстіне де шығып жатыр. Ал қазіргі бағасы 60 долларды құрап отыр. Негативті сценарий кезінде де мұнайдың бағасы түспейді. Біз керісінше оның қазіргі бағасын 70 долларға көтеруге тырысамыз», - деді ол.

Дегенмен әр сценарийдің нақты қандай жұмыстарға негізделгенін министр ашып айтудан бас тартты.

«Бұл жабық жоспар. Мен тек кейбір тұстарын ғана ашып айта аламын. Оның кейбір тетіктері әлі де әзірлену үстінде. Инфляция дәлізі қазір 5-7 пайыз аралығында болса, негативті сценарий кезінде бұл көрсеткіш 1-2 пайызға өсуі мүмкін, бәлкім одан да жоғары болуы мүмкін. Десе де қазір нақты айтуға әлі ерте. Өйткені жағдай бірден ушығуы немесе жақсаруы мүмкін. Бұл қазір екі ел арасында өтіп жатқан келіссөздерге байланысты болады», - деді ол.

Бүгінде экономика сарапшылары бір доллардың құны 800 теңгеге дейін жетуі мүмкін деген болжам айтуда. Ал мұндай пайымды Әлібек Қуантыров ең пессимисті сценариймен байланыстырды.

«Ең негативті сценарийді жариялаудың қажеті қанша?! Егер де нарықтағы алыпсатарлар ондай сценарийді еститін болса, олар теңгені одан сайын құлдыратуға ықпал ететін болады», - деді Қуантыров.

Серіктес жаңалықтары