«Біздің басты алаңымызда қылмыскердің мәйіті жатыр»: Ксения Собчак алдымен Ресейдегі проблемаларды шешуге шақырды
Ол өз сөзінде Қырымда бақылаушылардың қатысуымен шынайы халықаралық референдум өтуі тиіс екенін айтты
Ресейдің федералды телеарналарының біріне шақырту алған белгілі ресейлік тележурналист Ксения Собчак Украина мен Ресей арасында болып жатқан қақтығысқа қатысты ойымен бөлісті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Тележүргізуші екі ел арасындағы қақтығыс ең алдымен адам бостандығын шектеп жатқанын айтты.
«Еуропа мен АҚШ біздің виза алуымызға шектеу қойып, бізді көргілері келмейді. Өйткені біз агрессиялы ел болып барамыз. Бізге НАТО-дан қорқудың қажеті жоқ, керісінше сол алпауыт жүйенің құрамына кіру жолын қарастыру керек. Біз неліктен олардан өзімізді бұғаттауымыз керек?! Бұл маған да, біздің ұрпаққа да керек емес. Жұрт шетелде білім алғылары келеді, саяхаттағылары келеді, олар шекарасыз өмірді қалайды. Біз халықаралық келісімшарттарды бұзу арқылы өзгелердің жерін басып алып жатырмыз, біз өзгелердің територриясында соғыс жүргізіп жатырмыз», - деді Собчак.
Бағдарлама жүргізушісі Ольга Скабеева пікірталас барысында Қырым халқының арасында өткен сайлауды тілге тиек етті. Бұл орайда да Собчак таңдауды қара халықтың құзырына қалдыру керектігін айтты.
«Дауыс беру жалған өтті. Қырымда бақылаушылардың қатысуымен шынайы халықаралық референдум өтуі тиіс. Кімнің құрамында болу керектігін біз емес, қырымдықтар шешуі керек», - деді Собчак.
Сондай-ақ, бағдарлама барысында Польша мемлекетінің кеңестік ескерткіштерді жойып жатқандығы туралы айтылды. Өз кезегінде Ксения Собчак өзге емес, өз елінде болып жатқан жағдайларға алаңдаушылық танытатынын жеткізді.
«Одан да өз еліміздегі жағдайларға назар аударайық. Біздің басты алаңымызда қылмыскердің мәйіті жатыр, бұдан бөлек репрессияға қол қойған Сталиннің атын қала атауына бермек. Бізде шешімін таппаған мәселе өте көп. Елімізде «геосаясат» сөзінің астарында «қантөгіс, қасірет және манипуляция» жатыр», - деді Ксения Собчак.