Ауыл халқына тиісті жерін қайта беруді тапсырдым – Қанат Бозымбаев
Өңір басшысы әзірге бұл мәселенің кемінде бір-екі жыл көлемінде шешілетінін жеткізді
Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев өңірдегі жайылым мәселесіне қатысты жұмыс жоспарын айтты. Бұған дейін облыс халқы мал бағатын жайылым жердің жоқтығын жеткізген болатын, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Алматы облысында жайылымның жоқтығына қатысты біраз ауылда осындай жайлар бар. Аппарат отырысында әрбір әкімге тапсырма бердім. Яғни, әр ауылдың төңірегінде жатқан жерлерді түгендеп, халықтың малын санап, тиісті жерін ауыл халқына қайта беруді тапсырдым», - деді Қанат Бозымбаев.
Өңір басшысы әзірге бұл мәселенің кемінде бір-екі жыл көлемінде шешілетінін жеткізді.
«Сот арқылы шешеміз бе, басқаша шешеміз бе, қазір заң бізге құқық беріп жатыр. Соны қолға алып, біз жасаймыз. Жеке меншік жер болса да өзімізге алып, тиісті ауыл округіне береміз. Бұл үлкен жұмыс. Бір емес, екі жылдың ішінде атқарылатын іс. Оған уәде беремін. Кейбір ауылдарда осы жұмысты бастадық», - деді аймақ басшысы.