Бұрынғы Қорғаныс министрі екі айға қамауға алынды
Толық мәлімет әзірге жария етуге жатпайды
Сот Қазақстанның бұрынғы Қорғаныс министрі Мұрат Бектановқа қатысты қамауда ұстауға санкция берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«2022 жылғы 22 ақпанда Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты күдікті М.К. Бектановқа қатысты екі ай мерзімге күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады», - делінген сот хабарламасында.
Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің басқа да деректері ҚІЖК-нің 201-бабына сәйкес жария етуге жатпайтыны атап өтілді.
Бұған дейін Мұрат Бектановтың уақытша ұстау изоляторына орналастырылғаны хабарланған болатын. 19 ақпанда Бас прокуратура бұрынғы Қорғаныс министріне қатысты қылмыстық кодекстің 452-бабы бойынша қызмет бойынша әрекетсіздік фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастаған.