Кәсіпорындарды 60 млн теңгеге алдап кеткен: БАӘ-ден алаяқ Қазақстанға қайтарылды
2015 жылдан бері аса ірі мөлшерде алаяқтық жасаған
Қазақстан ІІМ Интерполдың Ұлттық Орталық бюросы Дубай қаласындағы ҚР Бас консулдығымен және қаржы мониторингі агенттігімен өзара іс-қимыл кезінде Біріккен Араб Әмірліктерінен Қазақстанға 2015 жылдан бері аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны үшін іздестіріліп жатқан 43 жастағы қылмыскер Төлеген Рамеев қайтарылды, келтірілген шығын сомасы 60 млн теңгеден асады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қазіргі уақытта айыпталушы қамауға алынды. Соңғы үш айда Интерполдың жұмысының нәтижесінде Испания, Ресей, Бахрейн, Біріккен Араб Әмірліктері, Грузия, Венгрия және т.б. ел аумағынан түрлі қылмыстары үшін іздестіріліп жатқан 16 адам анықталып, ұсталды.
Мысалы, қаңтар айында Венгрияда хакерлік әрекеттер арқылы ақша ұрлағаны үшін Алматы қаласының полиция департаменті іздестіріп жатқан Румыния азаматы Ieudean Daniel Ioan ұсталды.
Ол трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтың құрамында Қазақстан, Ресей, Тай, Украина, Әзербайжан, Тайвань банктерінің шоттарына қасақана заңсыз қол жеткізу арқылы ақша қаражатын банк карталарына аударып, оларды қолма-қол ақшаға айналдырды.
Шығын сомасы 9 млн АҚШ долларынан асады. Оны біздің елге беру туралы мәселе шешілуде.