Полицейлер мен әскерилердің кейбірі жансақтау бөлімінде жатыр, кейбірі мүгедек болып қалды – ІІМ өкілі
Жаппай тәртіпсіздік кезінде құқық қорғау органдарының 3 мыңнан астам қызметкері түрлі дене жарақатын алған
Қаңтар оқиғасы кезінде мүліктік сипаттағы қылмыстармен қатар, адамдардың қаза болуы мен жарақаттану фактілері де тексерілуде. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг кезінде ІІМ Тергеу басқармасының бастығы Санжар Әділов мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Ішкі істер органдары тергеушілерінің өндірісінде 2565 қылмыстық іс бар, олар бойынша 271 адам қамауға алынған. Қамауға алу және бұлтартпау шарасын таңдау туралы барлық шешімдер қатаң түрде қылмыстық іс жүргізу заңнамасының талаптарына сәйкес прокуратураның міндетті келісімімен және соттың санкциясымен қабылданады», - деп атап өтті Санжар Әділов.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, қаңтар оқиғалары кезінде 1726 бейбіт тұрғын медициналық көмекке жүгінген, оның ішінде 673-і оқ жарақатын, 469-ы пышақ және өзге суық қарулар жарақатын алған, ал 431 түрлі дене жарақатымен дәрігерлер көмегіне жүгінген.
Аталған мәліметтерге сәйкес, медициналық көмекке жүгінгендердің басым бөлігі Алматы қаласынан (686), Алматы облысы (336), Қызылорда облысы (164) және Жамбыл облысынан (153) болған. Шымкент қаласы мен Шығыс Қазақстан облысында бейбіт тұрғындардан 126 өтініш тіркелген.
«Олардың бірқатарының мемлекеттік мекемелерге және қоғамдық тәртіпті қорғауды қамтамасыз еткен күш құрылымдарына шабуыл жасау кезінде жарақат алғаны сөзсіз. Негізінен, ол бейнежазбалар арқылы нақтыланып отыр. Қалған жағдайларда дене жарақатына қатысты жайттардың мән-жайын анықтау жұмыстары жалғасып жатыр», - деді ІІМ өкілі.
Санжар Әділов жаппай тәртіпсіздіктер кезінде 3 мыңнан астам тәртіп сақшысы мен әскери қызметкердің түрлі дене жарақатын алғанына тоқталды.
Олардың арасында оқ пен пышақ жарақатын алғандар, басқа да ауыр жараланғандар бар. Бүгінде ауруханада 273 қызметкер мен әскери қызметші жатыр.
«Олардың кейбірі әлі жансақтау бөлімінде жатыр. Өкінішке қарай, олар енді жұмысын жалғастыра алмайды, олар іс жүзінде мүгедек болып қалды. полиция қызметкерлері мен әскери қызметкерлерді аяусыз ұрып-соғу, әкімшілік және басқа да ғимараттарға шабуыл жасау фактілеріне қатысты көптеген кадрларды әлеуметтік желілерден-ақ көруге болады, және олардың көбін тәртіпсіздікке қатысқандардың өздері таратқан», - деді С. Әділов.
Оның айтуынша, негізінен дәл сол бейнежазбалар бойынша қылмыстық шабуылдарға қатысқан адамдар анықталып жатыр.
Мәселен, Атырауда қаланың орталық көшелерінің бірінде 5 қаңтарда облыстық әкімдік ғимаратын қорғауға тартылған полиция қызметкерлерін топ болып қатыгездікпен ұрып-соққан осы қаланың екі тұрғыны ұсталды. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов бұлтартпас фактілер көрсетілген кадрларға қатысты түсінік берді.
«Бейнеде көрініп тұрғандай, шабуылдаушылар бір қызметкерді жерге жатқызып, оны теуіп, таяқпен ұрған, екіншісін аяқпен, қолмен, сондай-ақ каскамен бастан ұрып, ауыр зақым келтірген. Сол қалада тәртіпсіздікке қатысушылар жедел жәрдем автомашинасын бұғаттап, ауруханаға жеткізіліп бара жатқан жарақаттанған полиция қызметкерлерін қайта ұрып-соққан. Осы фактілер бойынша Атырау қаласының төрт тұрғыны анықталды, олар сот санкциясымен қамауға алынды. Әлеуметтік желілерде таралған бейнероликтерден қылмыстық элементтердің тәртіпсіздіктер барысында полицияның және басқа да органдардың қызметтік автомашиналарын тек қана жойып қоймай, күш қолдана отырып, арнайы көлік құралдарын иемденіп алғаны, кейіннен оларды анағұрлым ауыр қылмыстар жасауға, оның ішінде қызметкерлер мен әскери қызметшілерді өлтіруге қолданғаны көпшілікке мәлім», - деді ІІМ өкілі.
Сонымен қатар, Қызылордада 5 қаңтарда әскерилерден тартып алынған «КАМаз» арнайы автомашинасын қоғамдық тәртіпті қорғауды қамтамасыз еткен қызметкерлер тізбегін басып өтуге бағыттаған осы қаланың тұрғыны ұсталды. Көлікпен басып кету салдарынан Ұлттық ұланның 19 жасар әскери қызметшісі оқиға орнында көз жұмды. Ата-анасы жалғыз ұлынан айрылды, тірі күнінде ол бағдарлама жасаумен айналысушы еді және философиямен әуестенген. Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінде оқыды. Өмірге үлкен жоспарлар жасап, ІТ-маман болуды армандаған еді.
«Сол күні осы қаланың тағы бір шабуылшысы әскерилерден басқа «Камаз» автомашинасын тартып алып, жедел басқару орталығының жұмысына кедергі жасау мақсатында электр бағанын қасақана соғып, бейнебақылау камераларын істен шығарды. Одан соң жергілікті полиция қызметінің ғимаратын басып алу мақсатында қоршаудың қақпасын соқты. Екі оқиға бойынша да күдіктілер сот санкциясымен қамауға алынды, бейнежазбалар олардың кінәсін дәлелдейді. Осыған ұқсас фактілер мемлекеттің бірқатар өңірінде, әсіресе Алматыда орын алды. Мысалы, осы қалада жаппай тәртіпсіздіктер барысында қызметкерлерге дене жарақаттарын келтіру үшін металл кесінділерін әзірлеп, қаланың көшелерінде «ГАзель» автомашинасымен жүріп, оларды наразылық білдірушілерге таратқан алты адам ұсталды. Шабуылдарда «Аралас шабуыл» технологиясы қолданылған. Ойластырылған жоспар бейбіт митингті ұйымдастырып оның қалқасында қалаға ұрыс топтарын кіргізуді және «ұйықтап жатқан ұяларды» оятуды қамтыған. Бұл – елде билікті ашық қарулы басып алу әрекеті болды, ол көптеген қалаларда сол аумақта мемлекеттік биліктің нысаны ретінде әкімшіліктер мен полиция ғимараттарына бір уақытта шабуыл жасау мен басып алумен дәлелденеді», - деп мәлімдеді Әділов.