Бұзақы топ Қызылорда облысының әкімін қолға түсірмек болған

Azattyq Rýhy

Әкім Полиция департаментінің арнайы бөлімшелерінің күшімен эвакуацияланды

Бұзақы топ Қызылорда облысының әкімін қолға түсірмек болған
Фото ашық дереккөзден

Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықованы бейбіт митингіге келген адамдармен келіссөздер жүргізу кезінде бұзақы топ қолға түсірмек болған. Бұл туралы Қызылорда облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

"Aray City Mall сауда үйінің алдына жиналған шерушілермен кездесуге Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова келді. Алайда келіссөздер нәтиже бермеді. Жиналғандар ештеңе тыңдағысы келмеді, әдепсіз сөздер айтты, түрлі әрекеттер жасады. Облыс әкімі көлікке мінген кезде оны ұстауға бұзақы топ әрекет жасады. Ол Полиция департаментінің арнайы бөлімшелерінің күшімен эвакуацияланды", - деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.

5-6 қаңтарда Қызылорда облысында болған тәртіпсіздіктер кезінде басқыншылар он жеті мемлекеттік мекеме мен жиырма бір жеке сектор субъектілеріне шабуыл жасаған. Бұл ретте олар 65 көлікті өртеп, 80 көлікті бүлдіріп, екеуін ұрлап кеткен.

"Қақтығыс кезінде 58 полиция қызметкері мен 52 сарбаз түрлі дәрежеде жарақат алды. Облыстық медициналық орталықтың мәйітханасынан 6 бүлікшінің мәйіті ұрланды", - деді полицейлер.

Қазіргі таңда облыста қоғамдық-саяси жағдай тұрақты, облыстық полиция қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдады.

 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.