Қарағандыда аяқ киім жөндейтін шеберханадан өрт шығып, екі адам қайтыс болды
ТЖД өлімнің мән-жайын және өрттің шығу себебін анықтап жатыр
Қарағандыда өрт кезінде аяқкиім жөндейтін шағын шеберханадан екі адам өлі табылды. Бұл туралы Қарағанды облыстық ТЖД мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қазіргі уақытта облыстық ТЖД қызметкерлері мән-жайды анықтап жатыр.
10 ақпанда түнде аяқкиім жөндеу шеберханасы ретінде пайдаланылған Сатыбалдин көшесіндегі шағын контейнерде өрт шыққан. Куәгерлер өрт сөндіру қызметіне қоңырау шалған. Олар жанып жатқан бөлмеден екі адамның денесін тапты.
"Сатыбалдин көшесіндегі бөлек тұрған контейнер, яғни аяқкиім жөндейтін шеберхананың ішкі ағаш қаптамасы жанған. Жалпы ауданы 4 шаршы метр болады. Өртке қарсы қызметкерлер келгенге дейін шеберханадан екі адамның денесі шығарылды. Олар - 1980 жылғы ер адам мен 1981 жылғы әйел", - деді Қарағанды облысы ТЖД баспасөз қызметі өкілі.
Ведомство қызметкерлері өлімнің мән-жайын және өрттің шығу себебін анықтап жатыр. Қайтыс болғандар түнде шеберханада не істегені әлі белгісіз.