Талапкер ҰБТ-ға кірер кезде телефонын кекстің арасына жасырған
Нәтижесінде талапкердің ҰБТ нәтижесі жойылды

Талапкер ұлттық бірыңғай тестілеуге кіретін кезде телефонын кекстің арасына салып алған. Бұл жайында ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев Instagram парақшасында жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Модем және ұялы телефон қосылған тәтті десерт. Креативті тестіленушілер бізді таңғалдырудан жалықпайды. Кезекті суретте Сіздердің назарларыңызға кекстің ішіне тыйым салынған заттарды алып кірген талапкердің шығармашылық жұмысын ұсынамын. Бірақ оның бұл қулығы біздің қырағы бақылаушылардың арқасында жүзеге аспады», - деп жазады орталық директоры.
Сондықтан оған креативті жұмысы үшін «140», ал қаңтар айындағы ҰБТ нәтижесіне «0» деген балл беріледі.
«Құрметті тестіленушілер! Сіздерге ҰБТ-да смартфонға емес, тек өз біліміңізге сенуге кеңес беремін», - дейді Руслан Емелбаев.