Сенат: АҚШ-та шот ашқан қазақстандықтар туралы ақпарат қолжетімді болады
Ол қаржы жүйесін бақылауға мүмкіндік береді
Сенат «ҚР Үкіметі мен АҚШ Үкіметі арасындағы халықаралық салық тәртібін жетілдіру туралы Келісімді ратификациялау туралы» Заңын қабылдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Заңға сәйкес АҚШ қаржы ұйымдарымен халықаралық іскерлік операциялар жүргізетін барлық шетелдік қаржы ұйымы АҚШ салық төлеушілерінің шоттары туралы ақпарат беруге міндетті. Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында айтылды.
Заң жобасы қаржы ұйымдарының, оның ішінде кредиттік ұйымдардың, сақтандыру, брокерлік және басқа да осыған ұқсас компаниялардың қызметтерін қамтиды.
«Осы режимге қосылмаған жағдайда, егер төлемді алушы АҚШ-та салық салынатын тұлға болса және аударылған қаражат АҚШ-тағы инвестициялармен байланысты табыс болса, халықаралық банк аударым сомасының 30%-ын ұстап қалуы мүмкін. Келісімге қосылған қаржы институттары Қазақстанда шот ашқан барлық америкалық жеке және заңды тұлғалар туралы ақпаратты анықтауға және ашуға міндетті болады», - деді Ұлттық экономика министрінің орынбасары Тимур Жақсылықов.
Сондай-ақ, келісім аясында Қазақстан Үкіметі АҚШ-та шот ашқан барлық қазақстандық жеке және заңды тұлғалар туралы ақпарат ала алады.
Келісімге сәйкес, Қазақстан тиісті ақпаратты жинау үшін орталықтандырылған оңтайлы модельді таңдады. Ол қаржы жүйесін бақылауға; АҚШ-тағы Қазақстанның резиденттері және азаматтары туралы ұқсас ақпарат алуға; ҚР қаржы институттарының әкімшілік шығындарын қысқартуға; келісімнің талаптарымен байланысты қаржы секторы үшін тәуекелдерді төмендетуге мүмкіндік береді.
«Қабылданған заң ҚР мен АҚШ арасындағы салық бойынша қатынастарды нығайтуды көздейді. Келісім екі мемлекеттік уәкілетті органдары арасындағы өзара іс-қимылдың жаңа құқықтық тетіктерін қолдануға негіз қалыптастырады. Бұл екі мемлекеттің салық саласындағы ынтымақтастығының тиімділігін арттырады деп сенеміз», - деді Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев.