$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Берік Уәли Мемлекет басшысының алдағы жоспарлары туралы сұхбат берді

Ол Қытайға жұмыс сапары туралы да айтты

Берік Уәли Мемлекет басшысының алдағы жоспарлары туралы сұхбат берді

Қазақстан халқы ассамблеясы еліміздегі қоғамдық-саяси тақырыптарға қатысты бірқатар өзекті мәселелерді қамтитын «Qogam live» атты жаңа жобаны ұсынады. Жоба интервью мен комментарий форматында жарыққа шығатын болады.

Қоғам өміріндегі өзекті мәселелерге қатысты бүгін өз ойын Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың баспасөз хатшысы Берік Уәли жауап берді.

– Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев жақында ғана Қытай мемлекетінде өтіп жатқан 24-ші қысқы Олимпиада ойындарының ашылу салтанатына қатысқан болатын. Мемлекет басшысының осы сапары туралы айтып өтсеңіз.

– Бұл сапар өте жоғары деңгейде өтті. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» газетінің дүйсенбідегі санында «Олимпиадалық дипломатия немесе Президент Қытай еліне қалай барып қайтты» деген мақаламда жан-жақты жаздым. Шыны керек, сапардың символикалық мәні өте зор. Оның үстіне Қытайдың күнтізбесі бойынша бұл сапар Жаңа жылмен сәйкес келді. Көрші мемлекеттің Президентімізге деген құрметі айрықша сезілді. Ол туралы мақалада жан-жақты айтылған. Си Цзиньпинмен болған кездесуден кейін Мемлекет басшысы Қытай еліне Олимпиаданың ашылуына барған біраз шет мемлекеттердің Президенттерімен бейресми кездесу өткізді. Біз оны ресми релизге, ақпаратқа бере алмағандықтан осы мақаламда толық қамтыдым. Мысалы, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Хатшысы Антонио Гутьерреспен, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Бас директоры Тедрос Гебрейесуспен, сол сияқты Польша, Сингапур, Пәкістан Премьер-Министрімен, Катардың Әмірімен, көршілес Орталық Азия мемлекеттерінің президенттерімен жылы шырайлы жақсы кездесулер өткізді. Мемлекет басшысының «Қасіретті қаңтар» деп аталған қаңтар оқиғасы кезіндегі жағдайда тоқталған шешімдеріне барлығы бірдей қолдау білдіргендерін атап өткен жөн.

Мемлекет басшысы биылғы алғашқы шетелге шыққан іс-сапарына көңілі толғандығын айтты. Жалпы, Мемлекет басшысының 2019 жылы «ССTV» арнасына берген сұхбаты бар, осы кезде Қытай жұртшылығы бір көтеріліп қалған болатын. Өйткені өзге елдің басшысы қытай тілінде сұхбат бергенін өте жылы қабылдаған. Жалпы, Си Цзиньпин бүкіл Қытайлық халық жиналысының зәулім ғимаратында өткен келіссөздердің басында біздің Президентімізді «Қытай халқының досы» деп атауының өзі де Мемлекет басшысына берген құрмет бағына болса керек.

– Жалпы, Қазақстан халқы ассамблеясы жайында айтып өтсеңіз...

– Мемлекет басшысы Қазақстан халқы ассамблеясы Төрағасының орынбасары Марат Әзілхановты екі рет қабылдады. Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа Қазақстан халқы ассамблеясының атқарып жатқан жұмыстары, XXIX сессия қорытындылары және этносаяси саладағы өзекті үрдістер туралы ақпарат берді.

Кездесу барысында ассамблеяны одан әрі дамыту, талдамалық және мониторингтік, аймақтық және жастар қызметінің бағыттарын күшейту мәселелері қаралды.

Президентке қоғамдағы этносаралық шиеленістің алдын алу, этностардың келешектегі интеграциялануы, ассамблеяның Қазақстан халқын азаматтық біртектілік пен бірлік қағидаттарына шоғырландыруға бағытталған арнайы жобаларының жүзеге асырылуы жайында баяндалды.

Екінші кездесуде Қазақстан халқы ассамблеясының атқарып жатқан жұмыстары мен қоғамдық институттардың өңірлерде жүзеге асырған іс-шараларының қорытындылары туралы есебін тыңдады. Жалпы, ассамблеяға қарасты барлық құрылымдардың нақты әрі нәтижелі жұмыс істеу қажеттілігі де айтылды. Президент Ассамблеяның жастар қозғалысы мен Аналар кеңесінің жұмысына ерекше көңіл бөлуі керектігін атап өткен болатын.

Осы бағыттағы жұмысты жандандыруды Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Марат Әзілхановқа тапсырған еді.

Жұмыстардың барлығын Әзілханов мырза пысықтап, ойдағыдай жүргізіп жатыр деп ойлаймын.

– Мемлекет басшысының келесі жұмыс сапары қай елде болмақ? Жалпы, тағы да қандай жағымды жаңалықтарыңызбен қуанта аласыз?

– Мемлекет басшысы ертең Ресей Федерациясына қысқа мерзімді жұмыс сапарымен бара жатыр, оны мен халыққа арнайы анонс ретінде жарияладым.

Яғни, 10 ақпанда, Қазақстан Президенті Ресей Федерация Президенті В.Путиннің шақыруымен келіссөз жүргізеді.

Кездесу барысында мемлекет басшылары Қазақстан мен Ресей арасында көпжақты стратегиялық серіктестіктің даму перспективаларын қарастырады деп жоспарланып отыр, сол сияқты бірқатар ел арасындағы құжаттарға қол қояды. Содан кейін, 11 ақпан күні Президент жұмыс сапарымен Қазан қаласына барады. Ол жақта Татарстан Президенті Рустам Нургалиевич Миннихановпен кездеседі.

Сондай-ақ, Татарстанның ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарын аралайды деп жоспарланып отыр.

Өздеріңіз білесіздер, жуырда ғана Татарстан Президенті Қазақстанға келіп, Президенттің қабылдауында болған. Сол кезде Татарстан басшысы біздің Президентті шақырған болатын. Көптеген бірлескен жобалар талқыланады, ары қарай ірі өндіріс орындарына барады деп жоспарланып отыр. Бұл туралы да сапардан кейін нақты толық мағлұматты халыққа беретін боламыз.

– Арнайы уақытыңызды бөліп, сұхбаттасқаныңызға рақмет!

Серіктес жаңалықтары