Ақтөбеде су тасқынынан зардап шеккендер әлі күнге дейін баспаналарын ала алмай жүр
Тасқыннан зардап шеккен 400-ге жуық шаңыраққа үй салуға 5 миллиардтай қаржы керек
Ақтөбеде су тасқынынан зардап шеккендер әлі күнге дейін баспаналарын ала алмай жүр. Бес жыл бұрын қызыл судың астында қалған екі ауылды жаппай көшіру жоспарланған. Төтенше жағдайға тап болған тұрғындарға шенеуніктер жаңа үй салып береміз деп уәде берген. Бірақ содан бері салынған баспана да, бөлінген ақша да жоқ, деп хабарлайды КТК арнасы.
Ақтөбе шетіндегі Вохр мен Махамбет ауылы тұрғындары үйдің суреті салынған бұл қағазды бес жылдан бері көзінің қарашығындай сақтап жүр. Кезінде аймақты басқарған Бердібек Сапарбаев тасқыннан зардап шеккен жұртқа жұбату айтуға келгенде таратып берген. Дәл плакаттағыдай үй салып береміз деп уәде етіпті.
Тұрғындар кеткен әкім тұрмақ, қазіргі әкімнен де қайыр жоқ деп ашынады. Тасқыннан зардап шеккендерге жайдақ жер учаскесін бөліп берген. Басында су жаңа үй салып береміз дегендер, кейін баспананы өздерің тұрғызып алыңдар деп қолын бір сілтепті.
«Енді бізге жерді , қу жерді берді. Бізді алдады. Салып береміз деді. 98 шаршы метр, одан кейін 73 деді. Оған да көндік. Үш рет қол қойды. Төртінші рет «өз күшіңмен салыңдар» деді. Жәрдем керек. Материалдан болсын. Болмаса, ағаштан болсын, цемент, не кесек болсын», - дейді Махамбет ауылының тұрғыны Оспан Бекбаев.
Бұл екі ауылда 366 шаңырақ тұрады. Осы аймақты 30 жыл бұрын адам тұруға қауіпті деп таныған. Өйткені қос зауыттың түбінде тұр және тасқын кезінде көбісінің үйі су астында қалып бүлінген. Бес жыл бойы әне көшеміз, міне көшеміз деп жүгін жинаумен жүр. Енді жергілікті шенеуніктер бізден қайыр жоқ деп отыр. Елордадағылар төтенше жағдайға байланысты бір тиын бөлмейміз деп шешіпті.
«Бірнеше мәрте премьер-министрге хат жолдаған болатынбыз. Қаржы бөлінбеді деген жауаптары бар. Қазір республикалық бюджеттен ақша бөлінбегеннен кейін қала бюджетінде бұндай қаржы болмай, үй салынған жоқ. Салынбайды», - деді Ақтөбе қаласы әкімдігі төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Серік Дәулетов.
Тасқыннан зардап шеккен 400-ге жуық шаңыраққа үй салуға 5 миллиардтай қаржы керек. Енді ақтөбелік шенеуніктер жаңа тағайындалған үкімет басшысына үміт артып отыр. Жақында ақша сұрап тағы өтініш жолдапты.