Қыздар университетінде сырттай білім алып жатқан студенттер бас көтерді

Azattyq Rýhy

Наразылыққа оқуларының дәстүрлі форматқа ауысуы мен төлемақының қымбаттауы себеп болған

Қыздар университетінде сырттай білім алып жатқан студенттер бас көтерді
Фото ашық дереккөзден

Алматыда қыздар университетінде сырттай білім алып жатқан студенттер бас көтерді. Наразылыққа аяқ астынан оқуларының дәстүрлі форматқа ауысуы мен төлемақының қымбаттауы себеп, деп хабарлайды КТК арнасы.

Елдің түкпір-түкпірінен жиналған қыз-келіншектер оқудың дәл осы түрін бастапқыда қолайлы болғаны үшін тандап алған. Өйткені көбінің жұмысы, не бала-шағасы бар. Әрі екінші жоғары білімді қашықтан алу уақыт пен баға жағынан тиімді болған. Енді барлығына жұмысты жиып қойып оқу аудиториясына қайта отыруға тура келетін сыңайлы. Өйткені басқа жол жоқ деп отыр университет басшылығы.

Мерей Меркібай қыздар университетінде қашықтан білім алып жатқан студенттің бірі. Күзде құжатын тапсырып, Жамбыл облысынан арнайы келіп кеткен. Алғашқы жар тыжылдығын онлайн оқыған оны соңғы жаңалық сары уайымға салып отыр. Өйткені дәстүрлі форматта, яғни білім ошағына қатынап оқу Мерейге және осы топтағы барлық қыздарға тиімсіз.

 «Қыздардың көбісі көп балалы ана, жалғыз басты аналар. Және басқа елдімекендерден де келетіндер бар. Қазақстанның басқа облыстарынан келетін студенттеріміз бар. Олардың барлығы осы қаражатты әрең көтеріп жатыр. 336 мың, негізі шарт бойынша сондай болған, жылдық оқу ақшамыз. Бірақ осы жиналыста бізге күндізгі оқу форматына, яғни 555 мың көлемінде ақша қосылады деді», - дейді студент Мерей Меркібай.

Осылайша студенттердің көңілін күпті еткен мәселе біреу ғана емес. Яғни күндізгі оқу форматына ауысудан бөлек, төлемақысы да соған орай көтеріледі. Ал бұл жағдай жан-жақтағы ұстаз қыз-келіншектер үшін жығылғанға жұдырық болып тұр. 

 «Қашықтан оқуды бастадық па, қашықтан аяқтайық, сол үшін оқуға түсіп отырмыз. Енді аяқасты бізді бұлар ақпан айының 20-нан наурыздың 20-на дейін келіп оқыңдар деп жатыр. Көп қыздар келе алмайды. Сол үшін біз онлайн форматта оқиықшы, ары қарай осылай аяқтайықшы деп сұрап келіп отырмыз», - дейді студент Роза Тұрғымбекова.

 Ал университет басшылығы бәрі заңды дегеннен танбады. Мұны қыз-келіншектерге екі сағат бойы жиналыс өткізіп түсіндіруге тырысты. Кейбір студенттеріне келісім құжаттарын бүгін ғана ұстатса да, ішінде 20 пайыз қашықтан, 80 пайыз дәстүрлі оқуға көшірілетіні әуеліде-ақ көрсетілген деп отыр ректор.

«Қашықтықтан біз 20 пайыз бірінші семестрде сабақтарын бердік. Енді 80 пайызға осы семестрден бастап жаңа форматта дәстүрлі білім алуға шақырып жатырмыз. Олардың да төлемақыларына біз өзгерістер енгізетін боламыз. Бірақ көп әріптестер 80 пайызға, 50 пайызға артады деген сияқты ақпарат алған сияқты. Бірақ ол дұрыс емес. Әлеуметтік жағдайды, әрбір студентіміздің жағдайын ескере отырып, директорлар кеңесімен бекітіледі жыл сайын», - дейді Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ректоры Гүлмира Қанай.

Осылайша студенттерге ақпанның 20-нан наурыздың соңына дейін келіп оқудан басқа амал жоқ. Ал қалғанын жеңілдік ретінде жазғы демалыста аяқтауды міндеттелген. Бұл жаңалықтарды естіген студенттер енді білім министрлігіне арызданбақ.

 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.