Қаңтар оқиғасындағы 2285 қылмыстық істің 1674-і ұрлық пен тонауға қатысты
Бұл жалпы тіркелген істердің 73 пайызын құрайды
ҚР Ішкі істер министрлігі қаңтар трагедиясымен байланысты қылмыстық істердің статистикасын жариялады. Ресми мәліметке сай, 2285 қылмыстық істің 1674-і ұрлық пен тонауға қатысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Бүгінгі таңда ішкі істер органдары тергеушілерінің іс жүргізуінде 2 285 қылмыстық іс бар. Оның негізгі бөлігін ұрлық пен тонау құрайды. Бұл 1674 іс немесе жалпы тіркелген істердің 73%-ы», - деп жазады министрліктің баспасөз қызметі.
Ішкі істер министрлігінің ақпараты бойынша, кәсіпкерлерден тәртіпсіздіктен зардап шеккені туралы арыз-шағымдар әлі де түсіп жатыр.
«Бүгінгі күні жаппай тәртіпсіздіктер кезінде зардап шеккен объектілердің саны 1573-ке жетті. Бұл сан өтініштер есебінен артты. Әр өтініш бойынша тергеушілер зардап шеккен нысанған барып, зақымдалған объектілерді тіркеуге алады. Зардап шеккен бизнес объектілердің саны 1502-ге жетті. Көбінесе дүкендер, ломбардтар, жанар-жағармай құю станциялары мен қоғамдық тамақтану объектілері, аңшылық дүкендер қатты тонауға түскен», - деп жазылған ресми мәліметте.
Уақыт өткен сайын тәртіпсіздік кезінде қирады деген қорытынды шығарылған көліктер саны да артып жатыр.
«Зақымдалған немесе қираған көліктің саны да артып, 765-ке жетті. Оның 551-і полицияға, 124-і қарапайым азаматтарға тиесілі. Жалпы мәлімделген шығын 88 миллиард теңгеден асты. Лаңкестік актілер мен жаппай тәртіпсіздіктердің себептері, оларды ұйымдастырған тұлғаларды анықтау бойынша тергеуді арнайы прокурорлар жетекшілік ететін ведомствоаралық жедел-тергеу топтары жүргізеді. Өз кезегінде ішкі істер органдары жаппай тәртіпсіздіктер аясында жасалған басқа да қылмыстар бойынша тергеуді жалғастыруда», - деп жазады ІІМ баспасөз қызметі.