Үкімет отырысы: Бизнестің дамуына кедергі келтірмеу үшін карантиндік шектеулер азайтылды
Соңғы екі аптада коронавирус инфекциясымен сырқаттанушылық деңгейі 2,4 есе өскен
Республика және 14 өңір қызыл аймақта, Қызылорда облысы мен Шымкент қаласы сары аймаққа өтті, Түркістан облысы жасыл аймаққа орналасты. Қаңтарда желтоқсанмен салыстырғанда КВИ-дан өлім-жітім деңгейі 1,3 есеге төмендеді. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Үкімет отырысында мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Соңғы екі аптада коронавирус инфекциясымен сырқаттанушылық деңгейі 2,4 есе өскен. Бұл ретте аурудың ең көп таралуы Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қостанай және Шығыс Қазақстан облыстарында байқалады.
Министр қазір республикада тұмаумен және басқа да жіті респираторлық вирустық инфекциямен сырқаттанушылықтың кезеңдік жыл сайынғы өсуі бар екенін де атап өтті.
«Эпидемиологиялық маусым басталғанға дейін тұмауға қарсы 2,7 млн-нан астам адам егілді, бұл республика халқының 14%-ын құрайды. 2019 жылғы эпидемиологиялық маусыммен салыстырғанда сырқаттану 1,2 есеге өсті, соңғы аптада сырқаттанудың жоғары деңгейі сақталып, балалар арасында 13%-ға өсті», - деді Ажар Ғиният.
Өз кезегінде Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бизнестің дамуына кедергі келтірмеу үшін карантиндік шектеулердің азайтылғанын мәлімдеді.
Сондай-ақ, Премьер-министр мектеп оқушылары арасында коронавирус инфекциясының көбейгенін ескеріп, әкімдерге барлық оқу орындарында санитариялық-эпидемиологиялық режимнің бұлжытпай сақталуын қамтамасыз етуді тапсырды.
«Сондай-ақ халықты вакциналау және ревакциналау жұмыстарын барынша күшейту қажет. Бұған дейін берілген тапсырмаларға қарамастан, Маңғыстау және Қостанай облыстарында екпе алуға тиіс халықтың жартысы ғана вакцина салдырған. Ел астанасы мен Алматыда және Маңғыстау облысында ревакциналау қарқыны жақсарған жоқ. Көш соңындағы аймақтардың әкімдері вакциналау және ревакциналау мәселесін күнделікті бақылауға алуы тиіс», - деді Үкімет басшысы.