$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
14.01.2020, 15:49
Жаңалықтар

Депутат Шамалған станциясындағы көпір құрылысын тексерді

15 қыркүйекте Шамалған станциясында пойыз бен автобус соқтығысып, апат салдарынан автобус жүргізуші қаза тапты

Депутат Шамалған станциясындағы көпір құрылысын тексерді
фото: Сенат баспасөз қызметі

Сенат депутаты Владимир Волков жұмыс сапарымен Қарасай ауданына барып, теміржол арқылы өтетін жаяу жүргіншілер көпірінің құрылысымен танысу үшін Шамалған станциясында болды. Сенат баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2018 жылы бір топ сенатор А.Маминнің (сол кездегі бірінші вице-премьер) атына осы мәселеге қатысты депутаттық сауал жолдаған екен. Жаяу жүргіншілер көпірінің және автожол өткелінің болмауына байланысты жергілікті тұрғындардан өтініштер көп түскен.

Сенатор Владимир Волков нысанның жобалау-сметалық құжаттарын және техникалық сипаттамаларын зерделеп, көпір аудан тұрғындары үшін ыңғайлы болуы керектігін айтқан. 

Естеріңізде болса, 2019 жылдың 15 қыркүйегінде Алматы маңындағы Шамалған станциясында жүйткіген пойыз кептелісте тұрған автобусты соғып, оқиға орнында 40 жастағы автобус жүргізушісі мерт болды. №43 «Алматы-Қостанай» жолаушылар пойызы темір жолға шығып кеткен №456 «Алматы - Шамалған» бағытында жүретін «Сетра» маркалы автобусты қаққаны анықталды. Жолаушылар пойызы қаққан автобуста жараланған жолаушылардың аты-жөндері белгілі болды. Жол апатынан 9 адам әртүрлі деңгейде жарақат алған. Зардап шеккен тоғыз адамның үшеуі 3 және 5 жастағы балалар мен олардың анасы болатын.

Жарты айдан аса уақыт ес-түссіз комада жатқан 5 және 3 жастағы екі қызға бірнеше рет операция жасалып, жақында анасымен бірге үйлеріне оралды. Ал, қаза тапқан автобус жүргізушісінің артында кәмелеттік жасқа толмаған төрт баласы мен жесір әйелі қалды.

Шамалған стансасындағы ірі жол көлік оқиғасынан кейін тұрғындар облыс әкімдігіне «теміржол өткелінің орнына көпір салу керек» деген талап қойды.

Тұрғындардың талабы ескеріліп, жаңа көпір салынатын болды. Алайда, жаңа көпір ел арасында «қанды өткел» аталып кеткен апат жиі болатын орында емес, Шамалған мен Екпінді елді мекендерінің арасындағы учаскіде салынады. Бүгінгі таңда жобалау шаралары басталып, көпірді салатын мердігер компания да анықталған. Құрылыс жұмыстары осы жылдың желтоқсан айында басталып, ұзындығы 330 метрді құрайтын эстакада түріндегі жолайрық 2020 жылдың соңында пайдалануға берілмек екен.

Серіктес жаңалықтары