Сот Біртановтың ісін Бас прокуратураның қарауына жіберді
Судья бұрынғы денсаулық сақтау министрінің ісін тергеуде заң бұзу фактілері болған деген адвокаттардың уәжімен келісті
Нұр-Сұлтан қаласы Сарыарқа ауданының №2 сотының судьясы Ибрагим Әлкенов бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов пен бұрынғы денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішовтің істерін Бас прокуратураға жіберді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Судья қорғаушылардың уәжімен келісіп, экс-министрдің ісін тергеуде қылмыстық-процессуалды заңдардың нормалары бұзылған деп тапты. Сондықтан, осы заң бұзу фактілерін жою үшін істі Бас прокуратураға тапсырды.
Алайда судья қорғаушы тараптың Біртановтың үстінен қозғалған қылмыстық істі тоқтату туралы сұрауын қабылдаған жоқ. Сондай-ақ, оны және Әбішевті босату туралы арызды да қанағаттандырмай, екеуін де тағы бір айға үйқамаққа жіберді.
Айта кетейік, бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов пен вице-министр Олжас Әбішев пандемия кезінде коронавирусқа қарсы күрес үшін бөлінген қаражатты жымқырды, сондай-ақ, жұмыс істемейтін платформа үшін ақша төледі деп айыпталып отыр.
Біртанов пен Әбішевке қатысты алдын ала тыңдау 26 қаңтар күні басталып, бүгін осындай шешіммен аяқталды.