$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қырғыз-тәжік қақтығысы: шекарадағы жағдайды тағы да ушықтырған кім?

Баткен облысынан көшкен 24 237 тұрғынның үйлеріне қайтуына болатынын хабарлады

Қырғыз-тәжік қақтығысы: шекарадағы жағдайды тағы да ушықтырған кім?
Фото ашық дереккөзден

Баткен облысының 24 мың тұрғыны бүгін үйлеріне қайтады. Қырғыз төтенше жағдай министрлігі өткен түнде Тәжікстан шекарасына жақын орналасқан ауылдардан мыңдаған адамды эвакуациялаған еді. Бүгін түстен кейін Қырғыз Республикасы Үкімет басшысының орынбасары, Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің  төрағасы Қамшыбек Тәшиев тұрғындардың үйлеріне қайтуына болатынын, қауіпсіздік толық қамтамасыз етілгенін мәлім етті. Бұл туралы Azattyq Rýhy тілшісі Sputnik Қырғызстан ақпарат агентігіне сілтеме жасап хабарлайды. 

Кеше Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасында әскерилер мен бейбіт тұрғындар арасында қақтығыс болғаны туралы ақпарат тарады. Екі елдің үкіметі түнімен келіссөздер жүргізген. Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің төрағасы Қамшыбек Тәшиев жергілікті БАҚ өкілдеріне мәселенің мән-жайын баяндап берді.

Оның айтуынша, кешкі 17:50 шамасында Торт-Кочо елді мекені маңына азаматтық киімдегі тұрғындар жүк көлігімен тастар төге бастаған. Тәжікстан азаматтары тастарды түсіріп болған соң, Баткен-Исфана тас жолын жапқан. Ал олардың әрекетін тәжіктің шекарашылары бақылап тұрған. Бірақ түнге қарай қырғыз-тәжік шекарашылары өзара келісімге келіп, көлік жолын ашқан.

Тараптар келісімге келгенімен, шекараның өзге бір жағынан, яғни Чыр-Добо ауылының маңынан қырғыздың әскерилеріне оқ атылған. Олар минометтер мен гранатометтерден оқ жаудырған. Көп ұзамай Торт-Кочо шекара бекетінде тәжіктің шекара күзеті де қырғыз тарапына қарай оқ ата бастайды. Қырғызстан МҰҚК төрағасы бұл Тәжікстан әскерилерінің алдын ала дайындаған, арандату әрекеті екенін айтады.

Таңғы сағат төртте екі мемлекеттің басшылары келіссөздердің аяқталып, тараптардың оқ атуын тоқтату туралы уағдаласқан. Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының жазуына қарағанда, 11 қырғызстандық зардап шеккен. Ал Тәжікстан шекарашылары бұл қақтығысқа қырғыздар себеп болды деп мәлімдеді. Тәжікстан тұрғындарына шекараға жақын маңнан қырғыз азаматтары тас лақтырған. Сомониён ауылынан Чоркух елдімекеніне кетіп бара жатқан тәжік азаматтары жараланған. Тәжікстандық БАҚ өткен түндегі қақтығыстан 2 адамның қайтыс болып, 10 адамның жараланғанын жазды.

Тәшиев келіссөздердің бейбіт жолмен аяқталғанын, ал Баткен облысынан көшкен 24 237 тұрғынның үйлеріне қайтуына болатынын хабарлады. Тараптар біріккен комиссия құрып, 27 қаңтардағы оқиғаның себептерін анықтайды. Ал Қырғыз әскери күштері шекарадан алынып, бүгін кешке дейін бөлімшелерге қайтарылады, деді үкімет мүшесі.

Айта кету керек, 2021 жылы сәуірде «Головной» су қоймасында қырғыз-тәжік азаматтары қақтығысқан еді. Артынан ол әскерилердің атысына ұласып, Қырғызстанның 36 азаматы, Тәжікстанның 19 азаматы көз жұмған. 300-ге жуық адам жараланды. Екі елдің президенттері келісімге келіп, тараптар 30 сәуірде қақтығысты аяқтады.

Серіктес жаңалықтары