Өндірістік жарақат алған түркістандық азамат әділдік іздеп жүр
Оған зауыт тарапынан тиісті өтемақы берілмеген

Түркістан облысының тумасы Ерболат Ескендіров әділдік іздеп жүр. Сайрам ауданының 22 жастағы тұрғыны былтыр жұмыс орнында өндірістік жарақат алған. Содан бері зауыт тарапынан тиісті өтемақы берілмей жүр дейді, деп хабарлайды Астана арнасы.
Денесінің 25 пайызы күйіп қалған Ерболат Ескендіровтің қазіргі халі біршама тәуір көрінгенмен жұмыс істеуге жарамайды. Жас жігіттің әсіресе екі қолы күйіктен соң икемге келуі қиындаған.
Айтуынша Ерболат мұнай өнімдерін өңдейтін серіктестікте жанар-жағармайды құйып-төгуші болып жұмыс істеген. Былтыр 20-қыркүйекте цистернада өрт шығып, бір өлімнен қалған. Аурухана төсегіне бір ай таңылған жас жігіттің анасы да жұмыс берушілердің әрекетін түсіне алмай жүр.
Тіпті зауыттағылар тиісті өтемақы беруге де құлықсыз дейді. Айтуларынша, еңбек инспекциясы апат туындауына жас жігіттің де кінәсі бар деп қорытынды шығарған көрінеді. Еңбек инспекциясының өкілі бізге телефон арқылы берген жауабында өндірісте жарақат алған жас жігіт дәл сол жұмысында арнайы нұсқаулықпен таныспағаны үшін кінәлі екенін айтты. Ерболат сол үшін жұмысқа кірісуден бас тартуға құқылы еді деген маман, сұқбат беруді қажет деп таппады. Айта кетейін, «Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу» бойынша тіркелген бұл істі бүгінде полиция тексеріп жатыр.
«Өз кезегінде еңбек инспекциясы екі тарапқа да 50х50 (50 пайыз жұмыс беруші мен 50 пайыз жұмысшының кінәсі) деген қорытынды жасап берген. Сондықтан бұл қорытындыға қанағаттанбаған тергеушілер, қайтадан кешенді зерттеу жұмыстарын тағайындады. Полицейлермен қажетті деген шаралардың барлығы атқарылуда. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасуда», - дейді Түркістан облысының полиция департаменті.
Ал зауыттағыларға артылған кінә жұмысшылардың арнайы киіммен қамтылмағаны. Мұны директор жоққа шығармады. Қыркүйектегі өрт кезінде 40 миллион шығын көрдік деген басшы өндірістік жарақат алған жұмысшыға көмектесуден қашпадық деп отыр.
«Адами тұрғыдан келетін болсақ мен көмектесуден қашқан емеспін. Ата-аналары біледі, қаржылай көмектесуден бас тартқан емеспіз. Көмектестік те. Ал біздің кінәміз арнайы киіміміз болмады, уақытылы қамтамасыз етілмеген жұмысшыларымыз. Ескі киімдер болды. Кейбірі өздері тапқан арнайы киімдермен жүрді. Олар талапқа сай ма, жоқ па, онысын білмедім. Бұл жігіт те өзі тапқан киіммен жүрді», - деді ЖШС директоры Архабай Туғанбеков.
Серіктестік басшысы алдағы уақытта да еміне жәрдем беруден қашпайтынын жеткізді. Әлі күнге жұмыс орны сақталып тұрған жұмысшысының жалақысын 1-ақпанға дейін төлейтінін де айтып қалды. Алайда, осы күнге дейін ауыз толтырып айтарлық көмек көрмедік деп сөзге киліккен жұмысшының анасы, ұлына операция жасатып бергендерін қалайды.