Бүлік кезінде ұсталған қырғызстандық музыкант: қабырғаларым сынып, миым шайқалған

Әсел Оршыбекова

БАҚ өкілдеріне сұхбат беруге тыйым салынғанын хабарлап, сол үшін өзін және жақындарын мазаламауды сұрады

Бүлік кезінде ұсталған қырғызстандық музыкант: қабырғаларым сынып, миым шайқалған
Фото ашық дереккөзден

Жаппай тәртіпсіздік кезінде құқық қорғау қызметкерлерінің қолына түсіп қалған қырғызстандық музыкант өз елінде жансақтау бөлімінен бір-ақ шыққан. Алған жарақаттарының салдарынан бірнеше операция жасатуына тура келіпті. Бұл туралы ол өзінің Instagram парақшасында жазды.

«10 қаңтарда мені үйге жеткізген кезде, шок жағдайында болып, алған соққыларым жай ғана көгергендей көрінді, ал гематомаларды мазь жағу арқылы кетіремін деп ойладым.  Мені дәрігердің тексеруінен өтуге көндірген үлкен ағам Рустамның арқасында денсаулығымның жағдайы орташа ауыр екені белгілі болды», - дейді музыкант.

Медицинаның көмегіне жүгінген Викрам Рузахуновқа дәрігерлер бір емес, бірнеше диагноз қойған екен.

«Сол жақтағы 5-6 қабырғам сынған, кеудеме зақым келген. Сондай-ақ, сол жақ тұсым пневмоторакс, сол беттегі 7 қабырғаның шеміршегі жарылған, сол жақтағы өкпем 35 пайызға дейін зақымданған, бас миым шайқалған, арқа жағым қара-көк түс болып кетті», - дейді Викрам.

Осыдан кейін дәрігерлер музыкантты бірден жансақтау бөліміне жеткізіп, бірнеше операция жасаған. Викрамның айтуынша, ол бүгінде 3 аурухана ауыстырып, әлі де ем қабылдауын жалғастыруда.

Музыкант Қазақстанда әскерилерге ұсталған кезінде оның барлық жеке заттары тартып алынғанын айтты.

«Мені ұстаған кезде ұялы телефонымды, барлық заттарымды, ақшаларымды, ID картамды, жүргізуші куәлігімді, банк картамды алып қойды, кейін ешбір затым кері қайтарылмады, барлығы құпия түрде жоғалып кетті», - дейді музыкант.

Сонымен қатар, Викрам Рузахунов БАҚ өкілдеріне сұхбат беруге тыйым салынғанын хабарлап, сол үшін өзін және жақындарын мазаламауды сұрады.

Еске сала кетейік, бүлік кезінде қырғызстандық музыканттың ұсталған кезінде тараған видеосы қазақстандық БАҚ өкілдері арасында  үлкен резонанс тудырды.

Кейін құқық қорғау органдары оны қамаудан босатып, еліне қайтарды.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.