Батыс өңірлерде тозығы жеткен электр желілері жаңартылатын болды
Маңғыстау облысында су тұщытатын 9 зауыт пен қондырғы салу және кеңейту көзделіп отыр
Үкімет отырысында Батыс өңірлерін – Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстарының әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жоспарлары қабылданды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Аталған жобада өңірде сапалы сумен қамтамасыз ету, білім беру мен денсаулық сақтаудың қолжетімді болуы, жаңа жұмыс орындарын құру сынды мәселелер қаралған.
«Мәселен, Ақтөбе облысында өнеркәсіп көлемін 2025 жылға қарай 2,8 трлн теңгеге дейін арттыру және қосымша 39 мыңнан астам жұмыс орнын құру жоспарланып отыр. Батыс Қазақстан облысы бойынша 2 мың шақырымнан астам электр желісі жаңғыртылады, бұл желілердің тозуын айтарлықтай азайтатын болады. Атырау облысы бойынша электр желілерінде жиілеп кеткен апаттарды одан әрі болдырмау үшін тиісті шаралар қабылданады. 40 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылады.
Маңғыстау облысында су тапшылығын ескере отырып, су тұщытатын 9 зауыт пен қондырғы салу және кеңейту көзделіп отыр. Сондай-ақ 55 мыңнан астам жұмыс орнын құру жоспарлануда.
Құжаттарда негізінен бюджеттен тыс қаражатты тартуға басымдық беріліп отыр», − дейді Премьер-Министрі Әлихан Смайылов.