Алматыда ұрланған мылтық пен оқ-дәрілер қоймасы анықталды
Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды
Алматыда ұрланған мылтық пен оқ-дәрілердің қоймасы табылды. Бұл туралы Алматы қалалық полиция департаменті мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Департаменттің хабарлауынша, қару-жарақ сақталған құпия орын «Шаңырақ» ықшам ауданындағы жеке тұрғын үйдің еденінің астынан табылды. Белгілі болғандай ол жерде тәртіпсіздікке және қару-жарақ дүкенін тонауға қатысқан төрт адам қару-жарақ пен оқ-дәрілерді сақтаған.
«Атап айтқанда, тінту кезінде оқтары бар екі мырыш, 12 РГД және Ф-1 гранатасы, АК-47-ге арналған екі патрон, оқ өткізбейтін киім, қалқандар, дулығалар, РПГ снаряды, тегіс ұңғылы мылтық, тоғыз мылтық табылды. Айғақты заттар тергеу-жедел тобымен процессуалдық тәртіпте тәркіленді. Қылмыстық іс ҚР ҚК-нің 188 бабы 3 бөлігімен және ҚР ҚК-нің 291 бабы 1 бөлігімен тіркелді», – деді Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары Берік Әбілбеков.
Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.