Павлодарда тұрғын үй терезесіне оқ атқан мектеп оқушылары ұсталды
Балалардың іс-әрекеттері үшін заңды өкілдері жауап береді
Павлодарда мектеп оқушылары тұрғын үйдің терезесіне оқ атқан. Қазіргі уақытта аталмыш оқиғаға қатысты тексеру жұмыстары жүріп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасай отырып.
Павлодар облыстық ПД баспасөз қызметінің хабарлауынша, 23 қаңтар күні сағат 17:47-де 34 жастағы қала тұрғыны полицияға қоңырау шалып, белгісіз біреулер оның терезелеріне оқ атқанын айтқан. Шақыру бойынша оқиға орнына жедел-тергеу тобы дереу жіберілді. Тексеру барысында екі оқ атылғаны және салдарынан Бұқар жырау көшесіндегі үйдің үшінші қабатында орналасқан балконның әйнегі зақымдалғаны анықталды.
Полиция қызметкерлері 13-15 жас аралығындағы жеті кәмелетке толмаған баланы ұстады. Олар Павлодар қаласының №№ 6, 16, 29 және 34 мектептерінің оқушылары болып шықты.
«23 қаңтарда жасөспірімдер досына компьютерлік ойындар ойнауға жиналған. Олардың бірі өзімен бірге досынан алған тапаншаға ұқсас затты алып келген. Қызығушылық үшін балалар балконға шығып, кезекпен оқ атқан. Бұл оқтың бірі полицияға жүгінген ер адамның пәтер иесінің балконының терезесіне тиген», - делінген департамент хабарламасында.
Қару тәркіленіп, сараптама тағайындалды. Соның нәтижелері бойынша кәмелетке толмағандарға қатысты іс жүргізу шешімі қабылданатын болады.
Айта кету керек, балалардың іс-әрекеттері үшін заңды өкілдері жауап береді.