Ұлттық компаниялардың жекешелендіруге өтуіне не кедергі?
«ҚазМұнайГаз» компаниясының 4 трлн 254 млрд 800 млн теңге қарызы бар
Қазақстан экономикаға мемлекеттік қатысу үлесі жоғары елдердің қатырында, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Finprom.kz мәліметі бойынша Қазақстанда жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың шамамен 10%-ы ішінара немесе толық мемлекеттік. 2018 жылы ірі кәсіпорындар арасында мемлекеттің қатысу үлесі 46% болды. Оған дейін де бұл сегменттегі көрсеткіш 40%-дан төмен болған жоқ. Ең аз көрсеткіш 2007 жылы тіркелген, 41,7%. Бұл елдегі кәсіпкерлік сала нарықтық бәсекеге қабілетсіз, мемлекеттің мойнына асылып отыр дегенді білдіреді.
Алғаш рет Қазақстанда 2014 жылы экономикада мемлекеттің қатысу үлесін азайту қажеттігі туралы айтылды. Тіпті, бұл шаманы ЖІӨ-нің 15%-на дейін төмендету керек деген «орасан зор» жоспар құрылды. Бірақ KPMG мәліметі бойынша 2019 жылы бұл көрсеткіш 60%-ды маңайлады.
Қазақстандағы жекешелендіру үдерістеріне әлі күнге дейін әртүрлі баға беріліп келеді. Десе де, бұл бағытта алғашқы қадамдар жасалғанын көруге болды. Оның бірі квазимемлекеттік секторды жекенің игілігіне өткізу. 2011 жылы жекешелендірудің жаңа кезеңі басталды. «Халықтық IPO» бағдарламасы қабылданды. Ол бойынша қазақстандықтарға мемлекеттік компаниялардың акцияларын сатып алу ұсынылды, олардың алғашқысы KEGOC электр энергиясы жүйесі және «ҚазТрансОйл» магистральдық мұнай құбырларының операторы болды. Оған барлығы 76 мың жеке тұлға қатысты.
Кейінірек, 2015 жылдың соңында Қазақстан Үкіметі жаңа «жекешелендірудің кешенді жоспарын» қабылдады. Бұл тізімге көптеген ірі мемлекеттік компаниялар енді: «Қазақстан темір жолы», «ҚазМұнайГаз», «Қазатомөнеркәсіп» атом компаниясы, «Самұрық-Энерго» энергетикалық компаниясы, «Тау-Кен Самұрық» тау-кен компаниясы, «Қазпошта», «Эйр Астана» авиакомпаниясы және басқалары.
2019 жылдың ақпанына қарай жаңа жекешелендіру жоспарының 84%-ы орындалды. Кешенді жоспардың 898 нысанының 530-ы сатылымға шығарылды, оның 470 млрд теңге сомасына 473-і сатылды. Нысандардың бір бөлігі жойылды, тағы бір бөлігі қайта құрылды. Сол жылы «Самұрық-Қазына» қорының 22 ірі топ нысанын, оның ішінде IPO арқылы жекешелендіру жоспарлары жарияланды. Кейін белгілі болғандай, «Қазатомөнеркәсіп» атом компаниясы ғана жекеше шығатын болып, Лондон мен елордадағы қор биржаларындағы ІРО-сы 2018 жылдың қараша айында өтті. Сарапшылар пікірінше, бұл табысты болды. Ал инвесторлар арасында жоғары сұраныстың болуына байланысты компания екінші рет 2019 жылдың күзінде қайта саудаға түсті. Нәтижесінде мемлекеттің 81,28% үлесі қалды. Экономика ғылымдарының кандидаты, Қазақ технология және бизнес университеті аға оқытушысы, Сапарбай Жобаевтың айтуынша, квазисекторды жекешелендіруді тежеуді компания басшылары өздері қолдан жасап отыр.
«Самұрық-Қазына» қоры мемлекет ішіндегі жеке мемлекет болып қалған еді. ЖІӨ-нің 60%-ын береді деген ақпарат бар. Бірақ 55% шығар. Бұл құрылымдағы негізгі 3-4 мәселегі атауға болады. Біріншіден, мемлекетке тиімділігі төмен бюджеттің қаражатына отырған құрылымға айналып кетті. Қарамағына кіретін акционерлік қорлары әр жыл сайын 2-3 трлн ақша алып отырды. Екіншіден, бұл ұйымды басқару белгілі бір топтың қолында болды. Бұл жағдай олардың баюына мүмкіндік берді. Үшіншіден, қол астындағы компанияларды 2011 жылдан бастап жекешелендіру туралы айтылған болатын. Уақыт көрсеткендей, оның бірі де орындалмады. «ҚазақТрансОйл» IPO-ға шығып, жекешелендіру басталған еді. Кейін компания басшылары бұл істің тиімді емес екенін түсінген соң, сол күйінде тоқтатып тастады. Ешкім бұл бастаманы жалғастыруға ниет білдірген жоқ. Себебі, қарапайым халыққа олардың акциясын алып пайда табу мүмкін емес. Негізгі табысты компания басында отырғандар бонус түрінде, айлық есебінде алып отырады», − дейді сарапшы.
2019 жылы IPO арқылы «Қазақтелеком», «Эйр Астана» авиакомпаниясы, ал 2020 жылы «Қазақстан темір жолы», «ҚазМұнайГаз», «Қазпошта» және «Самұрық-Энерго» компанияларын жекешелендіру жоспарлары жарияланған болатын. Алайда орналастыру мерзімі кейінге қалды. Мысалы, «ҚТЖ» қарыз жүктемесінің жоғары болуына байланысты жекешелендіруді 2023 жылға қалдырды. Бұған дейін «ҚазМұнайГаз» бен «Қазақтелеком» компанияларының да жекеге өту мәселесі қашан іске асатыны ашық айтылған жоқ. Тек Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасынан кейін ғана сел қозғала бастады. Күні кеше Премьер-министр Әлихан Смайылов екі жыл ішінде «Самұрық-Қазына» қорының 40-қа жуық кәсіпорнын жекешелендіруге шығару жоспарланып отырғанын мәлімдеді.
Белгілі болғандай, биыл және келесі жылы «ҚазМұнайГаз», Air Astana және «Қазақгаз» сияқты компаниялардың IPO-ға шығуы жоспарлануда.
Осы ретте, Сапарбай Жобаев квазисекторда мемлекеттік сатып алу жүйесі әділ әрі ашық емес екенін де айтады.
«Осы жағдайдың бәрі елде шағын және орта бизнестің дамуына кедергі болып тұр. Мысалы, кезінде Қазақстан темiр жолы компаниясының төңірегінде шағын кәсіпкерліктер пайда болған еді. Кейін бұл компания «Самұрық-Қазынаның» құрамына кіргеннен кейін басқарудың орталықтандырылған жүйесін кіргізді де, көптеген шағын және орта кісіпкерліктерді өздеріне алды. Бұл жерде мемлекеттік сатып алу бойынша «бір көзден» жүйесі жемқорлыққа жол берді, кәсіпкерліктің дамуын тежеді. Ол аз десеңіз, «Самұрық-Қазынаның» жергілікті жерлердегі филиалдары әкімдердің табыс табатын «қалтасына» айналған», − дейді ол.
GSB UIB бизнесті талдау орталығы маманы, Асылхан Андашовтың пікірінше, мемлекет бизнеспен айналысып, табыс табуы қажет емес.
«Самұрық-Қазына» холдингі құрамында көптеген ұлттық монополиялық компаняилар бар. Олардың арасында – мұнайгаз, энергетика, тау-кен, ауыр өнеркәсіп, транспорт, телекоммуникация сияқты салаларды қамтитын компаниялар бар және аталған салалардың дамуына кедергі келтіреді. Мемлекет бизнеспен айналысып, табыс табуы қажет емес. Кез келген саланың дамуы үшін оған мемлекет бәсекеге қабілетті орта жасауы қажет. Монополия бар кезінде бәсекеге қабілетті орта құру мүмкін емес. Экономистер осыған дейін де квазимемлекеттік сала компанияларын жекешелендіру қажеттігін айтып келген. Сондықтан, «Самұрық-Қазына» қорын жекешелендіру – кеш те болса, дұрыс шешім», − дейді ол.
Оның сөзінше, «Самұрық-Қазына» қорының жұмыс тиімділігінің төмендігі де үлкен мәселе. Мысалы, «Самұрық-Қазынада» 260 мың адам жұмыс істесе, қордың көлемі 60 млрд АҚШ долларына тең. Ол деген сөз әр жұмысшыға 230 мың АҚШ долларынан сәйкес келеді. Ал «Кока-Кола» компаниясы 200 млрд тұрса, 65 мың адам жұмыс жасайды. Әр адамға 3,08 млн АҚШ доллардан келеді. «Chevron» компаниясы құны 220 млрд доллар, әр жұмысшыға (50 мың адам) 4,4 млн доллар сәйкес келеді. Бұл Самрұқ-Қазына қорындағы жұмысшылардың жұмыс тиімділігі халықаралық компаниялардан 13-19 есе аз екенін көрсетеді.
«Ұлттық компанияларда жұмысшыларға төленетін жалақы компания шығындарының 3/5 бөлігін құрайды. Жекешендірілу арқылы мемлекет мойнынан өте үлкен жүк түсіп, экономиканың дамуына серпін беретін еді. Кей экономистер «мемлекетке маңызды салалар мемлекет қарамағында қалуы керек» деп айтады. Алайда, АҚШ-та қорғаныс, ғарышты игеру сияқты салалардың өзінде үкіметі Lokheed Martin, Boeing, Raytheon, General Dynamics сияқты жекеменшік компаниялармен әріптестікте жұмыс істейді. Сондықтан, мемлекетке маңызды деген салалардың өзін жекешелендіру – қорқынышты емес. Бұған қоса, «Самұрық-Қазына» қорына кіретін компаниялардағы мемлекеттік сатып алу кезіндегі 77% бөлігі жабық тендерлер арқылы өткізіледі делінген еді Сенат отырысында. Ол миллиардтаған теңгелік тендерлер. Олар ашық өткізілсе жемқорлық азайып, бизнеске пайдалы болатын еді», − дейді А. Андашов.
Айта кетерлігі, Қазақстанда жекешелендірудің екінші толқыны кезінде 503 нысан сатылды. Оның ішінде республикалық меншіктен 64,8 млрд теңгеге 53 нысан, коммуналдық меншіктен 63,8 млрд теңгеге 251 нысан, ұлттық холдингтер мен ұлттық компаниялардың меншігінен 398,2 млрд теңгеге 103 нысан. Сөйтіп, Қаржы министрлігі 2016-2020 жылдарға арналған жекешелендіру жоспары 96,8%-ға орындалды деп мәлімдеме жасады.
Ескеретіні, егер объект үш рет сатылымға қойылса, бірақ сатып алушылар оған қызығушылық танытпаса, ол қайта ұйымдастыруға немесе таратуға жіберіледі. 2016 жылдан 2020 жылға дейін мұндай тағдырды 220 компания мен кәсіпорын бастан өткерген. Инвесторлар да өз салған қаражатынан пайда көруді көздейтінін білеміз. Сондықтан жекешелендіруге сатылымға шыққан нысанның «арғы-бергі тарихы», табысы, шығыны әрине қарызы да айтарлықтай рөл ойнайды.
Кейбір тәуелсіз сарапшылар бұған дейін жекеге шыға алмай қалған компаниялардың дәл осы шетелдік банктерге белшеден батқан қырызы аяқтарына тұсау болып отырғанын айтады. Мысалы, «ҚазМұнайГаз» компаниясының 4 трлн 254 млрд 800 млн теңге қарызы бар. Аталған компанияны бұған дейін бірнеше рет жекеге өткізу туралы қадамның сәтсіз болуына белшеден батқан қарызы себеп болып отыр.
Таяуда Президент «Самұрық-Қазына» қоры өз тиімділігін дәлелдемесе, бір айдың ішінде жабылу мүмкін екенін айтты. Сарапшылар, қаншама қаржы салынған «Самұрық-Қазына» сияқты қорды жойып жібергеннен гөрі, қоластындағы компанияларды бөлек шығарып, стратегиялық маңызы бар компанияларды қалдырып, қалғанын жекеге өткізу керек деп санайды. Ал өз кезегінде «Самұрық-Қазына» басшысы әрбір қазақстандыққа ұлттық байлықтан үлес беру керегін айтыпты. Бірақ, ол үлес беру тәртібі мен акция сомасы қанша екені әлі анық емес.