Қарағандыда полицейлер көпірден секірмек болған жігітті құтқарып қалды
20 жастағы жігіт бұл қадамға үйіндегі жарымен ұрысып қалғандықтан барғанын мойындады
Қарағандыда полицейлер көпірден секіріп кетпек болған азаматты құтқарып қалды, деп хабарлайды Polisia.kz.
23 қаңтар күні Қарағанды қалалық Полиция басқармасы патрульдік полиция полкінің қызметкерлері Жоламан Жұмағұлов, Қадырбай Ешбаев және Мақсат Мейірбаев қала орталығында қызмет атқарып жүрген. Сағат 15:40 шамасында полиция қызметкерлері Гоголь көшесінің бойында келе жатқанда оларға Жедел басқару орталығынан 45 орамдағы көпірден белгісіз азамат секіруге оқталып тұрғаны туралы хабарлама түскен. Арада үш минут өткенде полиция наряды оқиға орнында болған.
Сол жерге келген полицейлер көпірдің қоршауынан ұстап тұрған жігітті және оны ұстауға ұмтылған ер адамды байқаған.
«Әр секунд шешуші сәт болды. Азаматтық киімдегі адам секірмек болған азаматты күртесінен ұстап тұрды. Алайда нақты секірсе, оны ұстап қалу мүмкін емес еді. Мен Қыдырбай Ешбаевпен келіп, секірмек болған адамды көпірден түсіріп алдық. Кейін азаматтық киімдегі адамның біздің әріптесіміз, патрульдік полиция полкінің қызмет инспекторы – Данияр Орынбек екенін білдік. Ол күні оның кезекті демалысы екен», – деді Жоламан Жұмағұлов.
Сол күні көпірден секірмек болған азаматты ең бірінші байқаған да Данияр Орынбек екені белгілі болды. Қызметтен тыс, демалыста болған Данияр өз жұмыстарымен жүріп, көпірден өтіп бара жатқанда белгісіз азаматтың көпірдің қоршауында тұрғанын көрген. Бірден тоқтап, ондай іске бармауын өтініп, қоршаудан түсіріп алған Данир Орынбек өз жөнімен жүріп кеткен. Алайда оның ойын мазасыздық билеп, полиция қызметкері көлігін кері бұрған. Ол сол сәтте жігіттің қайтадан өз-өзіне қол жұмсамақ болғанын көреді. Дер кезінде келген Данияр Орынбек және полиция наряды азаматты көпірден түсіріп алып, Орталық полиция бөліміне жеткізді.
20 жастағы жігіт бұл қадамға үйіндегі жарымен ұрысып қалғандықтан барғанын мойындады. Онымен профилактикалық әңгіме жүргізілді. Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 105-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізілуде.