Қостанайда жылу орталығы өртеніп, 300-ден астам көпқабатты үй жылусыз қалды
Өртті өршітпеу үшін мамандар қазандық жұмысын тоқтатқан
Қостанайда жылу орталығы өртеніп, 300-ден астам көпқабатты үй жылусыз қалды, деп хабарлайды Астана арнасы.
Оқиға жылу-энергетика орталығының КЖБИ шағын ауданындағы нысанында болған. Мұндағы нөмірі үшінші қазандықтың басқару станциясының қалқаны тұтанып, барлық электр кабельдері жанып кетті. Өртті өршітпеу үшін мамандар қазандық жұмысын тоқтатқан.
«Кабель-каналдар мен трансформатор жанды.Өрт аумағы 50 шаршы метр.Өрттің неден шыққанын анықтау үшін зертхана мамандары оқиға орнында жұмыс істеп жатыр», - деді облыстық ТЖ департаменті басшысының орынбасары Асылхан Құдайбергенов.
Орталыққа қосылған барлық тұрғын үйлерге қосымша қазандықтардан жылу беріле бастады.Ал апат болған қазандықты қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
«Жедел штаб құрылды. Жағдай бақылауда. Қазір апат болған нөмірі үшінші қазандықты қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Тұрғындарды алаңдамауға шақырамыз», - деді «Жылу энертегика орталығы» компаниясы басшысының міндетін атқарушы Виктор Шмыглов.