Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі ұсталған журналистерге қатысты түсініктеме берді
Министрлік БАҚ өкілдерін ұстап алудың әрбір жағдайын мұқият тексереді
ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі ұсталған журналистерге қатысты түсініктеме берді. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ресми хабарламаға сүйенсек, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі БАҚ саласындағы уәкілетті орган және әрқашан БАҚ өкілдерін қолдау жөніндегі ұстанымдарды ұстанады.
«Бүгінгі таңда ҚР аумағында БАҚ өкілдері үшін тиісті айырым белгілері бекітілген Бейбіт жиналыстарда болатын журналист (бұқаралық ақпарат құралдарының өкілі) қызметінің қағидалары қолданылады. Кеудеше, жеңдегі таңғыш, жапсырма журналистің айырым белгілерінің нысандары болып табылады. Көрсетілген айырым белгілерін тағып жүру кезінде олардың анық көрінуін қамтамасыз ету қажет», - делінген хабарламада.
Министрлік БАҚ өкілдерін ұстап алудың әрбір жағдайын мұқият тексереді.
«Қазіргі уақытта құқық қорғау органдарымен бірлесіп, ұстап алудың барлық фактілері бойынша тексеру жүргізіліп, зерделенуде. Ұстап алу фактілерін анықтаудағы негізгі проблемалар журналистерде айырым белгілерінің болмауы болып табылады, бұл оларға қатысты кәсіби қызметтерін жүзеге асыруға рұқсат беруде проблема тудырды. Бұдан басқа, оқиғалардың көрсетілген кезеңінде БАҚ-тың жекелеген өкілдері Қазақстан Республикасында «Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заңнаманы бұзу фактілері бойынша, сондай-ақ төтенше жағдай кезінде құқықтық тәртіпті бұзуға итермелейтін әрекеттері және тікелей өздерінің кәсіби қызметтерін жүзеге асырмағаны үшін ұсталды», - делінген хабарламада.
Министрлік төтенше жағдай режимінің талаптарына түсіністікпен қарауға және қатаң сақтауға, сондай-ақ бұқаралық іс-шараларды жария ету кезінде журналистердің айырым белгілеріне ие болуға шақырады.