Алматыдағы тәртіпсіздік пен лаңкестіктен кейін 494 қылмыстық іс қозғалды – Бас прокуратура
Оның ішінде 44-і терроризм актісі бойынша
Алматыдағы жаппай тәртіпсіздік пен лаңкестіктен кейін Қазақстанның бас прокуратурасы тергеп-тексеру жұмыстарын жүргізіп жатқаны белгілі. Бүгін Бас прокуратура «Алматы трагедиясы» бойынша ресми мәліметтермен бөлісті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бас прокуратураның мәліметінше, Алматыдағы тәртіпсіздік пен лаңкестіктен кейін 494 қылмыстық іс қозғады. Оның ішінде 44-і терроризм актісі бойынша.
Ал төтенше жағдай кезінде жасалған құқықбұзушылықтар үшін әкімшілік өндіріс қозғау туралы 6966 хаттама толтырылды, 4918 адам әртүрлі әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның ішінде 1978 адам қамауға алынды. 791 адамға айыппұл салынса, тағы 2149-ына ескерту жасалды. 2048 материал сот қарауында жатыр.
"Бүгінде жедел тергеу топтары 494 қылмыстық істі тергеп жатыр. Оның ішінде 44 – терроризм актісі, 34 – жаппай тәртіпсіздік, 15 кісі өлтіру және басқалары. Қылмыс жасады деген күдікпен 524 адам уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сот санкциясымен 412 адам қамауға алынды", - делінген хабарламада.
Бас прокуратура адам шығыны болған оқиғаларды тергеп-тексеруге ерекше назар аударылатынын, қазір ел бойынша олардың жалпы саны анықталып жатқанын мәлімдеді.
Сондай-ақ ведомство жеке басы анықталмай ұсталғандар сот санкциясымен қабылдау-тарату орындарына орналастырылатынын ескертті. Жеке басын анықтағаннан кейін, егер олардың іс-әрекетінде қылмыстық немесе әкімшілік құқықбұзушылық белгілері байқалмаса, оларға қандай да бір шара қолданылмайды, дереу босатылады.
Бас прокуратура азаматтарды заңдылықты сақтауға және тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырды.