Елордада әуежайдан вокзалға жолаушыларды апаратын арнайы автобус рейсі іске қосылды
CTS компаниясының мәліметінше, автобус құны тарифке сәйкес 90 теңгені құрайды
Нұр-Сұлтан қаласында әуежайдан вокзалға жолаушыларды апаратын арнайы автобус рейсі іске қосылды. Бұл туралы CTS ЖШС-нің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
"Алматы халықаралық әуежайы жұмысының уақытша тоқтатылуына байланысты жолаушылар Нұр-Сұлтан қаласына ұшып келіп, теміржол арқылы Алматыға жетіп жатыр. Осы орайда Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы мен CTS ЖШС жолаушыларды коменданттық сағат кезінде әуежайдан вокзалға жеткізу мақсатында арнайы автобус рейстерін іске қосты. Арнайы рейстер кешкі сағат 21:00-ден таңғы 06:00-ге дейін 30-60 минут аралықпен жүріп тұрады", - делінген хабарламада.
CTS компаниясының мәліметінше, автобус құны тарифке сәйкес 90 теңгені құрайды. Және аталған шара Алматы қаласы әуежайы жұмысын қайта бастағанға дейін, уақытша қолға алынып отыр.