Алматыдағы аңшы дүкендерін тонағандар Қордайда ұсталды
Ұры қаскөйлер нөмірсіз көлікпен қашып бара жатқан жерлерінде қолға түскен
Алматыдағы аңшы дүкендерін тонағандар Қордайда қолға түсті. Екі жігіт ондаған мылтықпен бірге аңшылыққа қажетті құнды киімдерді де көлікке толтырып алған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ұры қаскөйлер нөмірсіз көлікпен қашып бара жатқан жерлерінде қолға түскен. Олардың көлігінен тапанша, әртүрлі маркалы шетелдік қымбат мылтықтардан бөлек былғары етік, фотоаппарат, телефон сынды заттар тәркіленді.
"Қордай ауданында "Алматы-Ташкент" тас жолындағы блок-бекетте полиция қызметкерлері мемлекеттік номері жоқ "Субару Форестер" маркалы автокөлігін тоқтатқан. Көліктің ішін тінту кезінде 12 калибрлі 10 дана мылтық, 1 пневматикалық тапанша және жүксалғыштан аңшылыққа арналған құралдар анықталды. Тергеу барысында 24 жастағы автокөлік жүргізушісі мен 27 жастағы жолаушының Алматы қаласындағы жаппай тәртіпсіздік кезінде аңшылық дүкенін тонауға қатысы бар екендігі анықталып, қамаққа алынды",- деді Жамбыл облысы ПД баспасөз қызметі.
Екі жігіттің үстінен Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 291-бабы, 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қордай ауданы аумағындағы екі блок-бекетте 100-ге жуық полиция қызметкері мен әскерилер тәулік бойы қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мен қылмысқа қатысы барларды анықтау үшін қызмет атқарып жатыр.