Қылмыскерлер «Көктөбе» теледидар мен радиохабар тарату мұнарасын басып алмақ болған
Алайда шекарашылар шабуылға тойтарыс берді
Шекарашылар Алматы қаласының стратегиялық маңызы бар нысандарын басып алуға жол бермеді. Бұл туралы ҰҚК баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Комитеттің мәліметінше, Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаментінің жеке құрамы құқық қорғау органдарымен және әскери құрылымдармен бірлесе отырып, Алматы қаласының әкімшілігі мен стратегиялық маңызы бар нысандарын қорғауға тікелей қатысқан.
«Митинг кезінде қылмыскерлер «Көктөбе» теледидар мен радиохабар мұнарасын басып алуға тырысты, осылайша бандиттер ақпараттық басымдыққа ие болып, өз талаптарын қоюды көздеген еді, алайда шекарашылар шабуылға тойтарыс берді», - делінген хабарламада.
Сонымен қатар, шекарашылар «Медеу» селден қорғау бөгетінің периметрін де бақылауға алды.
«Контртеррористік операцияның белсенді кезеңінде департаменттің әскери қызметшілері ҰҚК Шекара қызметінің арнайы бөлімшесімен бірге қылмыскерлерді, сондай-ақ заңсыз жолмен шетел асып жасырынуға тырысқан адамдарды анықтау және ұстау жұмыстарын жүзеге асырды», -делінген хабарламада.
Қазір шекара әскерлерінің бөлімшелері нысандарда жауынгерлік кезекшілікті атқаруда.