Жаппай тәртіпсіздік кезінде қаза тапқан барлық полицейлер мен әскери қызметшілердің отбасына пәтер беріледі

Azattyq Rýhy

ҚР Құрылысшылар одағы осындай шешім қабылдады

Фото ашық дереккөзден

Елдегі жаппай тәртіпсіздік кезінде қаза тапқан бүкіл полицейлер мен әскери қызметшілердің отбасына пәтер кілті табысталады. Бұл туралы ҚР Құрылысшылар одағы мәлім етті.

Одақ еліміздің әрбір азаматы үшін осындай ауыр кезеңде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамаларын толық қолдайды. Сондықтан, Қазақстан Президентінің бастамасымен құрылған «Қазақстан халқына» атты қоғамдық қор және Құрылысшылар одағы бірлесіп, халықты террорлық шабуылдан қорғаймын деп жанын қиған полицейлер мен әскери қызметшілердің отбасыларына пәтер кілтін тапсыру туралы шешім қабылдады.

Мұндай игі бастамаға одақ атынан Qazaq Stroy, Exclusive Group, Kusto Home, Nest Stroy, Saba Group KZ, Sheber Group, Tau Development, Time Group Hayat Construction, Диал Строй, Атрикс Строй компаниялары үлес қосады.

Бүгінгі таңда Құрылысшылар одағы Алматыдағы зардап шеккен нысандарды тазарту және қалпына келтіру ісіне белсене атсалысып жатыр.

«Қазақстанда қалыптасқан қиын жағдайды ескере отырып, отандық бизнес өкілдерін Мемлекет басшысының бастамасын қолдауға шақырамыз» делінген одақ үндеуінде.


 

 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.