Қазақстанда төтенше жағдай режимін бұзған 1,5 мың адам жауапқа тартылды

Azattyq Rýhy

Елордада алдын алу шаралары жүргізілуде

Елімізде төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін 1,5 мың адам жауапқа тартылды. Бұл туралы Azattyq Rýhy «Ақорданың» баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен шұғыл әрекет ету штабының кезекті отырысы бейнебайланыс режимінде өтті. Жиын барысында Бас прокурор, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы, Ішкі істер және Қорғаныс министрлерінің міндетін атқарушы тұлғалар баяндама жасады.

Елордада алдын алу шаралары жүргізілуде. Оның барысында аулалар мен пәтерлердің тыныштығы қамтамасыз етіледі, сондай-ақ тәулік бойы автопатруль күзетеді. Жалпы еліміз бойынша төтенше жағдай режимін бұзған 1,5 мың адам жауапқа тартылды.

Мемлекет басшысына негізгі күш-жігердің қазіргі уақытта террористердің мекенжайын анықтап, ұстау жөніндегі шұғыл шараларға бағытталып отырғаны баяндалды.

Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қалпына келтіру ісін жалғастыра беруді, сондай-ақ аталған жұмыстар бойынша ақпараттық қолдау көрсетуді күшейтуге тапсырма берді.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.