Алматыда «Алтын Орда» базарын тазарту барысында 200-ден аса адам ұсталды
Олардан ұрланған 5 автокөлік, қару-жарақ, оқ-дәрілер, қалқандар тәркіленді
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен шұғыл әрекет ету штабының кезекті отырысы бейнебайланыс режимінде өтті. Бұл туралы Azattyq Rýhy «Ақорданың» баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Жиын барысында Бас прокурор, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы, Ішкі істер және Қорғаныс министрлерінің міндетін атқарушы тұлғалар баяндама жасады.
Мемлекет басшысына құқық қорғау органдары мен Қарулы Күштердің еліміздегі жағдайды тұрақтандыру үшін қабылдаған белсенді шаралары туралы баяндалды. Адамдар мен көліктерді тексеру, сондай-ақ стратегиялық нысандарға бақылау орнатуды жүзеге асыру мақсатымен елді мекендердің аумағына 93 блокбекет қойылды.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа заң талаптарына бағынбау және аса маңызды әрі стратегиялық нысандарға шабуыл жасау фактілерінің қатаң түрде жолы кесілгені жөнінде мәлімет берілді. Алматыда «Барлық» және «Алтын Орда» базарларын тазарту барысында 207 адам ұсталды. Олардан ұрланған 5 автокөлік, қару-жарақ, оқ-дәрілер, қалқандар тәркіленді.