АвтоХҚО-лар жұмыс істемейді – Цифрлық даму министрлігі
Қазақстанның барлық өңірінде ХҚО-лар өз жұмысын қайта бастады
Өңірлерде ХҚО жұмыстарын қайта бастады. Бірақ Алматы және Алматы облысында орталық бөлімшелері әлі де жабық. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«2022 жылғы 10 қаңтардан бастап Алматы қаласы мен Алматы облысын қоспағанда, Қазақстанның барлық өңірінде ХҚО-лар өз жұмысын қайта бастады. Азаматтарға кезең-кезеңімен барлық қызмет қолжетімді болады, Жамбыл облысының тұрғындары жеке куәліктер мен паспорттарды ресімдеу жөніндегі қызметтерді уақытша пайдалана алмайды», - делігнген хабарламада.
Ведомство байланыс сапасына байланысты жұмыс барысында кідіріс болуы мүмкіндігін ескертті. Ал мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтары әзірге жұмыс істемейтіндігі белгілі болды.
«ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің қызметкерлері басқа міндеттерді орындап жатқандықтан ҚР барлық өңірінде автоХҚО-лар жұмыс істемейді. «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ-ның баспасөз қызметі Алматы қаласы мен Алматы облысындағы автоХҚО-лар мен ХҚО-лар жұмысының қайта жанданғаны туралы қосымша хабарлайтын болады», - делінген хабарламада.