Алматыда кәсіпорындар мен базарлар жұмысы қалыпқа келіп жатыр
Бүгіннен бастап "Барыс", "Алматы 1" және "Арыстан" базарлары ашылды
Алматыда "Ақсай нан", "Рузи нан", "Алматы нан", "Алматы ашытқы зауыты" сынды ірі тағам кәсіпорындарының жұмысы қалыпқа келіп жатыр. Бұл туралы қала әкімдігінің Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы баспасөз қызметі мәлімдеді.
Ресми хабарламада: "Олар жұмысын тоқтатпады, қызметін бұрынғы көлемде жалғастырып жатыр", - делінген.
Бүгіннен бастап "Барыс", "Алматы 1" және "Арыстан" базарлары ашылды.
"Қазіргі уақытта 44 жанармай құю бекеті ашық, тағы 25-і ашылуға дайындалып жатыр. Жанармей мен дизель отынының бағасы бұрынғы қалыпта. Газ литріне 70 теңгеге дейін арзандады", - деді басқарма өкілдері.
Ресми деректерге сүйенсек, тәртіпсіздіктер барысында қалада 15 дәріхана зардап шеккен. Жалпы Алматыда 900 дәріхана бар, олардың 264-і дәріханалар желісіне кіреді. Бүгінде 70 желілік, 40 бөлшек сауда дәріхана ашық. 107 дәріхана 8:00-ден 19:00-ге дейін жұмыс істеп тұрғаны да хабарланды.