Энергетика министрлігі сұйытылған газды өткізудің жаңа ережелерін әлі күнге дейін жасаған жоқ – Мәжіліс депутаттары

Azattyq Rýhy

Депутаттар Энергетика министрлігінің сұйытылған газды өткізудің жаңа ережелерін әлі күнге дейін жасамағанына шүйлікті

Мәжіліс депутаттары елдегі бірқатар әлеуметтік-экономикалық мәселелер шешілмейінше бағаның шарықтауы сұйытылған газдан бөлек, тауарлардың және көрсетілетін қызметтердің көптеген түрінен байқалатынын жеткізді. Бұл туралы төменгі палатаның жалпы отырысында айтылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл ҚР Премьер-министрінің міндетін атқарушы Әлихан Смайыловқа жолдаған сауалында Маңғыстау облысында сұйытылған газдың қымбаттауына байланысты халықтың наразылығы өрши түскенін алға тартып, аталған мәселе бұған дейін де Парламент қабырғасында талқыланғанын айтты.

«Сұйытылған газ нарығына, отынның тапшылығына, саладағы баға белгілеуге қатысты мәселелерді Мәжіліс депутаттары да бірнеше рет көтерген еді. Мұндай үндеуді соңғы рет біздің әріптесіміз Серік Ерубаев өткен жылы 10 қарашада жасаған еді. Олардың бірқатары реттелді, алайда, тағы бірқатары шешімін тапқан жоқ», - деді Мәжіліс депутаты.

Бұдан соң Бақытбек Смағұл оң шешімін таппаған мәселелерді тізіп шықты.

«Біріншіден, Энергетика министрлігі бағаның былайша өсуін 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап сұйытылған газдың 100% электронды сауда алаңы арқылы сатылатынмен түсіндіреді. Үш жыл ішінде (заң күшіне енгеннен кейін) сауда алаңында нарықтық тетіктер қалыптасып үлгермеді. Сөйтіп бүгінгі күнгі дағдарысты жағдайға алып келді.

Екіншіден, елімізде сұйытылған газ сатудың бірыңғай ұлттық нарығы қалыптаспады. Оның есесіне, сұйытылған газ тапшылығы орын алды, оның көрсеткіші 2021 жылы 15%-ға жетті.

Үшіншіден, бірқатар аймақта сауда-саттық нәтижесінде көтерме баға керісінше төмендегенін көріп отырмыз. Бұл сауда-саттықты өткізу процедурасының өзінде және бөлшек сауда бағасын қалыптастыруда проблемалардың бар екенін көрсетеді», - деп нақтылады Бақытбек Смағұл.

Бір топ мәжіліс депутаттарының атынан сөйлеген Бақытбек Смағұл Энергетика министрлігінің сұйытылған газды өткізудің жаңа ережелерін әлі күнге дейін жасамағанына шүйлікті. Сондай-ақ, Үкіметке мәселені дер кезінде шешуді ұсынды.

«Былтыр Парламент биржалық сауданы ұйымдастыру жөніндегі кейбір заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізді. Заң күшіне енді, алайда, Энергетика министрлігі сұйытылған газды өткізудің жаңа ережелерін әлі күнге дейін жасаған жоқ. Осы өзекті мәселелерді реттемейінше бізде бағаның шарықтауы сұйытылған газға ғана емес, тауарлардың, жұмыстардың және көрсетілетін қызметтердің көптеген түрінен байқалатын болады, түптеп келгенде бұдан қарапайым тұтынушы зардап шегеді. Ал енді біздің бәріміз тыныштық пен қоғамдағы тұрақтылықты сақтауға тиіспіз және Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, жауапкершілік танытуға тиіспіз», - деді Мәжіліс депутаты.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.