«Қазгидромет» алдағы күндерге арналған ауа райы болжамын жариялады
Синоптиктердің хабарлауынша республика бойынша жел 15-23 м/с дейін күшейеді

«Қазгидромет» алдағы күндері ел аумағында көктайғақ, ауа райы желді болуы мүмкін екенін мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Ақ теңіз аумағынан жылжып келе жатқан Солтүстік-Батыс циклон, республикамыздың батысында жауын-шашын (көбінесе қар) тудырады, содан кейін шығыс бағытта жылжып республиканың қалған бөлігіне жетеді. Тек Алматы, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарында жауын-шашынсыз ауа райы сақталады», - делінген хабарламада.
Синоптиктердің хабарлауынша республика бойынша жел 15-23 м/с дейін күшейеді, батыс және оңтүстік өңірлерде көктайғақ, солтүстік және орталық өңірлерде бұрқасын күтіледі.
«Жалпы республика бойынша ауа температурасының біртіндеп жоғарылауы және аяздың бәсеңдеуі күтіледі. 3 қаңтарда еліміздің солтүстік жартысында ауа температурасы түнде 10...18, күндіз 3-8 градус аяз болады, оңтүстік жартысында термометр бағанасы 0-5 градусқа жетеді, кей жерлерде 0 ... 10 аяз, күндіз 3 ... 13 жылы болуы мүмкін», - делінген «Қазгидромет» хабарламасында.