Биыл Отбасы банкі арқылы 81 мың жанұя баспаналы болды
Мұндай өсімге тұрғындардың зейнетақы жинақтарын пайдалануы септігін тигізген
Отбасы банкі биыл 81 мың жанұяның баспаналы болуына көмектесті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 28 мыңға көп, деп хабарлайды Хабар 24.
Мұндай өсімге тұрғындардың зейнетақы жинақтарын пайдалануы септігін тигізген.
Қаржы институтының мәліметінше, жыл басынан бері 412 мыңнан астам адам шекті сомадан асатын қаражатын үй алуға, ипотеканы өтеуге және емделуге жұмсаған.16 желтоқсанда қазақстандықтар біржолғы зейнетақы төлемдерін Отбасы банкіндегі депозиттеріне аударуға мүмкіндік алды. Осы 14 күннің ішінде 21 мың адам Отбасы банкіндегі депозиттеріне 35,6 млрд теңге салған.
Жалпы өткен жылдан бері депозит ашып, қаржы жинаған отандастарымыздың қатары күрт артып, салым сомасы 902 миллиард теңгеге жеткен.
«Біз 2021 жылды жақсы нәтижемен қорытындылап жатырмыз. 587 мың адам жаңадан депозит ашты. Әрбір оныншы депозит балаға ашылғаны қуантады. Яғни кәмелетке толмағандарға да депозит ашуға болады. Осы бір жылдың ішінде 81 мың отбасы банктің әртүрлі бағдарламалары арқылы қоныс тойын тойлады. Жалпы биыл 1 триллион теңгеден астам сомаға несие рәсімделді», - деді «Отбасы банк» АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.
Биыл Отбасы банкі үшін цифрлық жыл болды. Қаңтарда enpf.otbasy порталы іске қосылып, 435 мың адам біржолғы зейнетақы төлемдерінен жалпы сомасы 1 триллион 919 миллиард теңгені қажетіне жаратты. Бұған қоса клиенттер үшін видеобанкинг және маркетплейс қосымшасы арқылы онлайн қызмет көрсетілуде.