Аяз атаның артынан жүгірген баланы министр Жаңа жылымен құттықтады
Білім және ғылым министрі мектеп оқушысына хат жолдап, кітап сыйлады
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Алтай қаласының көшелерімен Аяз атаның соңынан жүгірген Шығыс Қазақстан облысының оқушысын құттықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облыстық білім басқармасы әлеуметтік желіде жариялады.
Желіде тараған видеоның кейіпкері Шығыс Қазақстан облысы Алтай қаласындағы №6 орта мектептің үшінші сынып оқушысы Дмитрий Головен болып шықты.
Асхат Аймағамбетов мектеп оқушысына хат жолдады. Онда ол Дмитрийдің жыл бойы мұқият оқып, тек төрт пен бес деген баға алғанын атап өтті. Алдағы Жаңа жылдың құрметіне орай Асхат Аймағамбетов мектеп оқушысына кітап сыйлады және алдағы демалыс кезінде мүмкіндігінше көп кітап оқуға кеңес берді. Сондай-ақ, бала министрдің атынан басқа да сыйлықтар алды.
«Қала көшелерін аралап жүрген Аяз Атамен өте қатты кездескің келгенін байқатқан видеоны көрдім. Сіздің жыл бойы төрт пен беске оқығаныңызды анықтап білдім. Сондай-ақ ұстаздарың сіздің өте белсенді, жауапкершілігі мол бала екеніңізді айтты. Маған Аяз Атаның артынан жүгіргеннен кейін, сіз үшін онымен кездесу ұйымдастырылды және сіз сыйлық пен тәттілерді алдыңыз деп хабарлады. Құрметті Дмитрий! Мен де сізді Жаңа жылыңызбен құттықтағым келеді! Әрқашан да батыл бол және алға қойған мақсаттарыңа қол жеткіз! Жақсы оқып, ата-анаңды, ұстаздарыңды қуанта бер. Ал біз сіздердің сапалы білім алуларыңызға барлық жағдайды жасаймыз. Алда қысқы демалыс, сол себепті, мереке қарсаңында саған жаңа жылдық сыйлық ретінде тәттілер мен кітаптар табыстағым келеді. Қысқы демалыс кезінде көп оқитындығыңа сенімім мол. Білімді арттыру мен дамытуда кітаптың алатын орыны өте жоғары, және де мен еліміздің барлық оқушыларына кітап оқуға кеңес беремін», - делінген Асхат Аймағамбетов жолдаған хатта.