Аида Балаева депутат пен журналист арасындағы түсініспеушілікке қатысты пікір білдірді

Azattyq Rýhy

Ведомство басшысы министрліктің қашанда журналистердің кәсіби құқығын қорғайтынын жеткізді

Фото ашық дереккөзден

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева Парламент ғимаратында орын алған журналист пен депутат арасында болған түсініспеушілікке қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ведомство басшысы өз пікірін Фейсбуктегі парақшасында жариялады. Министр сұхбат барысында мәдениетті қарым-қатынас этикасының сақталуы қажет екенін тілге тиек етті.

«Бүгін Парламент ғимаратында журналист А.Коскина мен сұхбат беруші Б. Тілеухан арасында орын алған оқиға журналистика кәсібінің ерекше қарым-қатынас дағдыларын қажет ететін ерекше мамандық екендігін кезекті рет дәлелдеді. Әрине, сұхбат берушінің журналистке қатысты эмоциялық әрекетін ақтау қиын (әсіресе журналистің әйел баласы екенін ескерсек). Мәдениетті қарым-қатынас этикасы кез-келген сұхбат барысында сақталуы тиіс», - деп жазды министр.

Сонымен бірге, ведомство басшысы министрліктің қашанда журналистердің кәсіби құқығын қорғайтынын жеткізді.

«Десе де, мәселенің екінші жағы да бар: ол – журналистің кәсіби білігі мен ішкі мәдениеті. Спикердің жеке өмірі құпиялығы мен құқығын сақтау, тақырып ауқымындағы сұрақтардан тыс ауытқымау, диалог логикасын нақты ұстану – бұл ешкім жоққа шығармайтын жалпыға ортақ өркениет ережелері. Қалай болғанда да Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі журналистердің заңды мүддесін, кәсіби құқығын заң аясында қорғауда қашанда дайын», - деді Аида Балаева.

 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.