«Рақымшылыққа ілініп, негізгі жазадан босатылды»: Ақтөбе облысындағы шошқа фермасының басшысына қатысты сот үкімі шықты

Azattyq Rýhy

Кәсіпкер 14 238 986 теңге мөлшерінде ірі экологиялық залал келтірді

Ақтөбе облысындағы Бестамақ ауылының маңайын бүлдіріп, қоршаған ортаға залал келтірген атышулы шошқа фермасының қожайыны Гайк Тертерянға қатысты сот үкімі шықты. Бұл туралы облыстық соттың баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Алға аудандық соты «қылмыстық құқық бұзушылық жасады» деген айыппен Гайк Тертерянға қатысты қылмыстық істі қарады.

«Гайк Тертерян "Парижская Коммуна" ЖШС-нің жалғыз құрылтайшысы бола отырып, 2018 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңде экологиялық талаптарды бұзып, Ақтөбе облысы Алға ауданы Бестамақ кентінде орналасқан мал шаруашылығы кешенінің аумағындағы жерді ластауға жол берді. Кәсіпорын арнайы техниканы пайдалана отырып, тереңдігі 5 метрге дейінгі траншеяларды қазып, онда сойылған шошқалардың және қатты-тұрмыстық заттардың қалдықтарын көмген. Бұл жалпы ауданы 5,46 га жердің бүлінуіне әкеп соқты және 14 238 986 теңге мөлшерінде ірі экологиялық залал келтірді», - делінген хабарламада.

Сот отырысында сотталушы тағылған айып бойынша өз кінәсін мойындамады. Алайда оның кінәсі куәгерлердің айғақтарымен, сараптама қорытындыларымен, тексеру актілерімен және іс бойынша басқа да дәлелдемелермен расталды.

Жаза тағайындау кезінде сот Тертерянның бұрын сотталмағанын, келтірілген залалды толық өтегенін және жасы 71-де екенін ескеріп, жазаны жеңілдетті.  

«Сот үкімімен Гайк Тертерян ҚК-нің 332-бабының 1-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды және оған коммерциялық ұйымдарда басшы лауазымдарды атқару құқығынан 2 жыл мерзімге айыра отырып, 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Рақымшылық жасау актісінің енгізілуіне байланысты Гайк Тертерян «бас бостандығын шектеу» түріндегі негізгі жазадан босатылды», - делінген хабарламада.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.