Павлодарда бесінші қабаттан секірмек болған ер адам құтқарылды
Ол туыстары мен полиция қызметкерлеріне тапсырылды
Павлодарда ер адам бесінші қабаттың терезесінен секірмек болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап. Бұл туралы облыстық ТЖД өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметі жедел құтқару жасағы №1 құтқару бөлімшесінің бастығы Серік Төлегенов мәлім етті.
«Сағат 17:53-те «112» пультіне Толстой көшесі бойында орналасқан көп қабатты үйлердің бірінде бесінші қабаттағы пәтердің терезесінен ер адамның секіргелі тұрғаны туралы хабар келіп түсті. Оқиға орнына кезекші ауысымның құрамында 4 құтқарушы тез арада шықты», - дейді Серік Төлегенов.
Құтқарушылар оны сөзге тарта бастағаннан кейін байланысқа шыға бастаған, бірақ кіреберіс есікті ашпай қойған. Сол сәтте учаскелік инспектор сол пәтердің кілттері бар туысын іздеп тапты. Ер адам есікті ашуға бөгет жасау салдарынан есіктің құлпы сынып, сырттан кілтпен ашу мүмкін болмады. Сондықтан арнайы құрал-жабдықтардың көмегіне жүгінуге тура келді.
Ер адам туыстары мен полиция қызметкерлеріне тапсырылды.