Бүлдіршінді комаға түсірген тіс емханасының талапқа сай келмейтіні анықталды
Жекеменшік емхананың сертификат мерзімі өтіп кеткен

Екі жарым жастағы бүлдіршінді комаға түсірген тіс емханасында жүргізілген тексеру нәтижесінде жекеменшік емхананың сертификат мерзімі өтіп кеткені анықталды. Мамандардың айтуынша, емхананың талапқа сай келмейтін басқа да тұстары бар, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі ktk.kz-ке сілтеме жасап.
«Тіс емханасының дәрігері мен иесін клиникалық іс-әрекеттерге рұқсат беретін сертификаттың мерзімі өтіп кетуіне байланысты жауапкершілікке тартамыз. Қалған құжаттар құқық қорғау органдарына жіберілді», - дейді Медициналық қызметтер көрсетуді бақылау жөніндегі бас мемлекеттік инспекторы Лаура Ахметниязова.
Тіс емханасындағы дәрілік заттарды сақтау талаптары бұзылған, яғни арнайы температураны, ылғалдылықты сақтайтын жабдық болмай шыққан.
Комиссия емхананың жұмысын тоқтатуды талап ететін құжаттарды сотқа жібермек. Оның үстіне 2018 және 2019 жылдары да дәл осы емдеу мекемесі анестезиолог-реанимотологтың жұмыс стандарттары сақталмағаны екі рет анықталыпты.
Естеріңізге салсақ, 26-желтоқсанда екі жастан асқан қыз бала елордадағы жеке тіс дәрігеріне ем-домға барып, комаға түскен еді. Бұған дейін баланың жағдайы ауыр екенін хабарлаған едік.