$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Тексеріс нәтижесі: «Жамбыл облысында ауыл шаруашылығын субсидиялауда қаражат тапшылығы әдейі жасалған, жалған мәліметтер көрсетілген»

Аяқталған және тергеліп жатқан қылмыстық істер бойынша анықталған материалдық шығын 1 млрд теңгеден асты

Тексеріс нәтижесі: «Жамбыл облысында ауыл шаруашылығын субсидиялауда қаражат тапшылығы әдейі жасалған, жалған мәліметтер көрсетілген»

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің тексерісі барысында ауыл шаруашылығын субсидиялауға бөлінген бюджет қаражаты «Qoldau» ақпараттық жүйесінде тез таусылып, ал тапшылық жасанды түрде жасалатыны анықталды.

«2021 жылғы 3 тамызда басқарма 468 млн теңге бөлген, ал 10 тамызда бұл қаражат «Qoldau» бағдарламасында таусылып үлгерді. Бір аптаның ішінде № 4 төлқұжат бойынша жалпы сомасы 249 млн теңгеге 81 өтінім (8 IP-мекенжайдан) берілгені анықталды. Жүргізілген талдау барысында шаруа қожалықтарының кейбір басшылары өз қызметін ЭЦҚ кілттерін пайдалана отырып, үшінші тұлғалардың көмегімен жүзеге асыратыны анықталды», – деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаментінің басшысы Әділхан Әшірбаев.

Сондай-ақ, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы 2019-2021 жылдар аралығында инвестициялық субсидияларды беру үшін азаматтарға 5 260 мәрте қызмет көрсеткен, оның ішінде 2 652-сінің мерзімі дұрыс емес болып шыққан.

«Инвестициялық субсидиялау қағидаларына сәйкес қаражат берілгеннен кейін басқарма 3 жыл ішінде инвестордың сатып алынған техникасының мақсатты пайдалануына, жобаның қуаттылығына мониторинг жүргізуі қажет. Алайда, талдау барысында 2019 жылдан 2021 жылға дейінгі кезеңде мониторингтің жүргізілмегені анықталды, – деді Әділхан Әшірбаев.

Сонымен қатар, өңірлік аграрлық ведомство тарапынан бақылаудың болмауына байланысты кейбір жосықсыз кәсіпкерлер өтінімдерде дұрыс емес мәліметтерді көрсете отырып, субсидияны заңсыз жолмен алуға тырысқан. Мәселен, жерді пайдалану мен қорғауды бақылау жөніндегі облыстық басқарманың ақпараты бойынша, субсидия алған 14 аграр ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін тіркемеген. Алайда, шаруа қожалықтары өз өтінімдерінде жайылымдардың бар екендігін көрсете отырып, субсидия алған.

Талдау барысында Қордай ауданындағы фермерлердің бірі 2019-2020 жылдары өзінің туыстарынан ірі қара мал мен асыл тұқымды қой сатып алу-сату арқылы жалпы сомасы 91,9 млн теңгеге субсидия алғаны белгілі болды.

Әділхан Әшірбаевтың айтуынша, жоғарыда аталған жағдайлар сыбайлас жемқорлық фактілеріне әкелуі мүмкін, өйткені ауыл шаруашылығы басқармасының қызметкерлері кәсіпкердің өтінімінде көрсетілген мәліметтерді тиісті деңгейде тексермейді.

«Басқарманың мал шаруашылығы бөлімінің басшысына қатысты Департамент қозғаған қылмыстық істі сот 14 қазанда қарады, мемлекеттік қызметкерге 7 жылға бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды, 32,9 млн теңге көлемінде залал толық өндірілді», – деп хабарлады Әділхан Әшірбаев.

Сонымен қатар, өңірлік сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің, прокуратураның және облыстың экономикалық тергеу департаментінің материалдарын зерделеу барысында соңғы 5 жылда Шу ауданы әкімдігінің 3 лауазымды тұлғасына және ауыл шаруашылығы бөлімінің 2 қызметкеріне қатысты қылмыстық істер қозғалып, заңсыз әрекеттері үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің 9 өкілі жауапкершілікке тартылғаны белгілі болды. Бүгінде аяқталған және тергеліп жатқан қылмыстық істер бойынша анықталған материалдық шығын 1 млрд теңгеден асты.

 

 

Серіктес жаңалықтары